Ресейдегі мұнай тасымалдау инфрақұрылымына дрон шабуылынан кейін Қазақстан Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы мұнай айдауды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Энергетика министрлігіне сілтей отырып Exclusive.kz басылымы хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, тасымал 2 қарашада Астана уақытымен таңғы сағат 06:09-да тоқтаған. Қазір мамандар құбыр инфрақұрылымының жағдайын тексеріп жатыр.
2 қарашаға қараған түні Украина дрондары Самара қаласының шығысында орналасқан Просвет елді мекеніндегі мұнай инфрақұрылымына шабуылдаған. Украина мониторинг арналарының мәліметінше, "Самара" өндірістік-диспетчерлік станциясынан өрт шыққан.
Азаттық радиосының Орыс қызметіндегі тілшілер спутник суреттерін талдап, Самара шығысын қою қара түтін басқанын анықтаған. "Самара" өндірістік-диспетчерлік станциясына қазан айында да шабуыл жасалған. Салдарынан кемі 11 резервуар не жойылған не зақымданған.
Қазақстан энергетика министрлігі мұнай айдау жақын арада қайта басталады деп күтетінін хабарлады. Ал Reuters агенттігінің сауда саласындағы дерек көзі мұнай тасымалы 2 қарашаның кешінде қайта іске қосылуы мүмкін деген.
Атырау – Самара құбыры – Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағыттардың бірі. Ол арқылы тасымалданған мұнай Ресейдің "Транснефть" құбыр жүйесіне қосылып, одан әрі Усть-Луга терминалы мен Новороссийск портына жеткізіледі.
Ulysmedia басылымының мәліметінше, осы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан бұл бағыт арқылы 7,57 миллион тонна мұнай экспорттаған.
Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) тасымал қиындаған тұста Қазақстан үшін Атырау – Самара бағытының маңызы арта түскен.