Қазақстандық кәсіпкер қырғыз президентіне шағынып, Шу облысында алаяқтықтан жапа шеккенін айтты

Қазақстандық кәсіпкер Алиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа шағым айтып тұр. 7 қараша 2026 жыл.

Қазақстан азаматы Алиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа шағынып, Шу облысындағы кенішті сатып алу кезінде 200 мың доллардан астам қаражаттан қағылғанын айтты. Айтуынша, президенттің туысымын деп таныстырған бәз біреулер кен орнын алаяқтықпен тартып алған. Бұл туралы ол 7 қараша күні Жапаровтың Қант қаласында тұрғындармен кездесуі кезінде мәлімдеді.

Қазақстандық кәсіпкер Қант қаласына жақын жерден кеніш сатып алып, артынан алаяқтыққа ұрынғанын айтады.

"Мен кенішті сатып аламын деп ұйымдасқан қылмыстық топтың құрығына түсіп қалдым. Олар алаяқтықпен оны тартып алды. 200 мың доллардан астам ақшаға шығынға түстім. Олардың бірі өзін Азамат Жапаров деп таныстырып, сіздің немере бауырыңыз екенін айтты" деді Афаров.

Президент Азамат Жапаров деген азаматты танымайтынын білдіріп, ішкі істер министрлігіне мәселені шешуді тапсырды.

"Осы кездесуден кейін бұл кісіні қабылдап, барлық мән-жайды нақтылаңыздар. Оларды ұстап, ақшасын қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек" деді Жапаров.

Әзірге Қырғызстан ішкі істер министрлігінің бұл істі қалай тергегені жайлы ақпарат тарамады.

Кейінгі апталарда Садыр Жапаров аймақ тұрғындарымен кездесу өткізіп жүр. Бұған дейін ол Ош, Нарын, Талас, Жалал-Абад және Бәткен облысының жұртымен кездескен.

Президент әкімшілігі Жапаровтың бұл сапарлары халықпен диалог орнатып, жергілікті мәселелердің шешілуін қадағалау үшін қажет деп отыр. Ал сыншылар мұны 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген сайлау алдындағы үгіт-насихат екенін айтады.