2027 жылы ҰБТ сақталады – Саясат Нұрбек

ҰБТ тапсырып отырған түлектер.

Қазақстанда 2027 жылы ҰБТ тапсыру сақталады. Бұл туралы 12 қарашада ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Министр жаңа емтихан тек пилоттық режимде өтетінін, түлектер жаңа тест жүйесін өз еріктерімен тапсыра алатынын айтады.

Қазақстан түлектердің университетке түсуі үшін тапсыратын тест жүйесін өзгертуді көздейді. Биыл сәуірде министр Саясат Нұрбек америкалық Educational Testing Service (ETS) ұйымымен жаңа тест жүйесін жасап жатқанын айтқан. Министрлік жаңа жүйені дайындауға 3 млн доллардай қаржы керек деген еді. "Жаңа тестілеу жүйесі оқушылардың алған білімін іс жүзінде қалай пайдаланатынын бағалайды" деген еді министр.

Ведомство бұл жүйе іске қосылса, тест тапсыру тегін болатынын айтқан.

Бұған қоса, Саясат Нұрбек Астанадағы оқушылар арасында тараған "келесі жылы ҰБТ болмайды, оның орнына басқа тест жүйесі іске қосылады" деген сөздерді жоққа шығарды.

Министр бұл сөзді балаларды курсқа жазып ақша табуды көздейтіндер таратты деп санайды. Министрлік бұл ақпаратты таратқандардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тиісті органдарға қайырылмақ.