Халықаралық сот Мьянманы "рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады" деп таныды

Гаагадағы халықаралық сот.

19 қарашада Гаагадағы БҰҰ-ның Халықаралық соты Мьянманы "рохинджа мұсылмандарына қарсы геноцид жасады" деп таныды. Бұл – сот тарихында мемлекетті геноцид үшін жауапты деп таныған алғашқы жағдай. Шешім Гамбияның 2019 жылы Мьянмаға қарсы берген шағымы бойынша қабылданды.

Сот төрағасы Юдзи Ивасава Мьянма билігінің әрекеттері рохинджа мұсылмандарының едәуір бөлігін жоюға бағытталған деген қорытындыға келгенін мәлімдеді. 15 судьяның тоғызы бұл шешімді қолдаса, алтауы қарсы дауыс берген.

Сот 2017 жылы Мьянма әскерінің Ракхайн штатында жүргізген «тазарту операциялары» кезінде мыңдаған бейбіт тұрғынның өлтірілгенін, әйелдерге жаппай зорлық-зомбылық жасалғанын және балаларға қатыгездік көрсетілгенін атап өтті. Рохинджа халқы халықаралық геноцидтің алдын алу туралы конвенциямен қорғалатын жеке этникалық топ деп танылды.

БҰҰ дерегінше, 2017 жылғы әскери операциялардан кейін 700 мыңнан астам рохинджа көршілес Бангладешке қашуға мәжбүр болған. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін босқындар лагерінде тұрады.

Сот Мьянманы келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуге, босқындардың қауіпсіз әрі ерікті түрде үйлеріне оралуына көмектесуге, бөлінген отбасыларды біріктіруге және қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға міндеттеді. Өтемақының нақты көлемі мен төлеу тәртібі кейінгі сот кезеңінде анықталады.

Мьянманың әскери билігі бұған дейін геноцид айыптарын жоққа шығарып, операцияларды қарулы топтарға қарсы заңды әрекет деп атаған. Елдің бұрынғы іс жүзіндегі жетекшісі Аун Сан Су Чжи де Гаагадағы сотта айыптауларды даулаған.

Сот шешімі Газа секторындағы соғыс пен Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты геноцид істерін қоса алғанда, халықаралық сотта қаралып жатқан басқа да істер үшін маңызды прецедент болуы мүмкін деп айтылады.

БҰҰ Халықаралық трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемдегі үш оқиғаны – 1970 жылы Камбоджадағы мемлекеттік терроризмді, 1994 жылғы Руандадағы оқиғаны, 1995 Босниядағы Сребреница қырғынын – геноцид деп таныған.