"Әділ сөз": желіде журналист Вадим Борейконың қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады

Вадим Борейко

Telegram мессенджерінде журналисті Вадим Борейконың қайтыс болғаны және онымен қоштасу рәсімі өтетіні туралы жалған хабарламалар тағы пайда болды. Бұл туралы 20 қарашада «Әділ сөз» баспасөз қорғау қоры мәлімдеді.

Қордың хабарлауынша, жалған ақпарат тарату үшін қастықты ұйымдастырушылар қазақстандық ақпарат құралдарының атын жамылған жалған арналар мен аккаунттар ашқан. Олардың арасында «Respublika.media», Exclusive және басқа да басылымдар бар.

«Қастықты ұйымдастырушылар “Respublika.media” басылымының атауы мен логотипін көшіріп, сонымен бірге журналистің айналасындағы адамдар бейнеленген жалған сурет пен құлпытас фотосын жасаған» деп жазылған қор хабарламасында.

«Әділ сөз» қолданушыларды Telegram-арналардың атауын мұқият тексеруге, күмәнді хабарламаларды таратпауға және жалған аккаунттар туралы шағымдануға шақырды.

Вадим Борейко – қазақстандық белгілі журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы. 13 қарашада Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 миллион теңге төлеуге, даулы материалдарды өшіріп, ақпаратты терістеуге міндеттеді. Сонымен қатар одан сот шығыны да өндіріледі.

Биыл көктемде оған қарсы Etude-Ybyrai құрылыс компаниясының шағымы бойынша сот процесі басталған. Дауға журналистің Алматыдағы 12-шағынауданда салынып жатқан Premier тұрғын үй кешені туралы материалдары себеп болған.

Құрылыс компаниясы журналисті "жалған ақпарат таратты", "компанияның беделіне нұқсан келтіріп, қаржылық шығынға ұшыратты" деп айыптаған. Ал Борейко тараптардың пікірін теңдей бергенін, өз пікірін қоспағанын айтқан.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы сот шешімін айыптап, Қазақстан билігінен журналистке қатысты шешімнің күшін жоюды талап етті.

Вадим Борейконың қайтыс болғаны туралы жалған хабарламалар бұған дейін сот шешімі жарияланардан бір күн бұрын әлеуметтік желілерде тарай бастаған. «Шекарасыз тілшілер» мұны интернеттегі қорқыту әрекеті деп бағалаған.