Тәжікстан Путин іссапармен келген күні Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын жариялады

Тәжікстан ресми түрде БҰҰ-ға қайырылып, Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын мәлімдеген. Душанбе БҰҰ-ға ресми хатты 20 қарашада жіберген. Рим статутына сай, Тәжікстанның Халықаралық қылмыстық соттан шығу туралы шешімі бір жылдан соң, яғни 2027 жылдың 20 қарашасында күшіне енеді.

20 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстанға келген еді. Ал 2023 жылы Халықаралық қылмыстық сот Путинді ұстауға бұйрық берген. БҰҰ-ға қарайтын сот Путинге "украиналық балаларды заңсыз депортация жасады" деп айып таққан. Тәжікстан билігі халықаралық сот алдындағы міндеттемесіне қарамастан Путинді қамауға алмаған еді. Еуропа одағы Душанбені осы әрекеті үшін сынға алды.

Халықаралық қылмыстық соттың шартына сай, мүше ел күдікті деп танылған адамды ұстап, сотқа тапсыруы тиіс.

2024 жылы Путин Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі саналатын Моңғолияға барған еді, бірақ бұл елдің билігі де Путинді қамауға алмаған. 2025 жылы Венгрия Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуды да ұстамады. Халықаралық қылмыстық сот Нетаньяхуді "Газа секторында адамзатқа қарсы қылмыс жасады" деп айыптап, қамауға алуға ордер берген.

2025 жылы Венгрия бұл соттан шығу процесін бастаған. Ол кезде елді Ресейге жақын Виктор Орбан басқарып тұрған еді. Кейін билікке Петер Мадьяр келген соң парламет бұл шешімнің күшін жойды.

Қазір Халықаралық қылмыстық соттың ісін 120-дан аса елдің парламенті ратификациялаған. Бірақ бұл сотқа АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Түркия, Қазақстан мүше емес. Ал Тәжікстан бұл сотқа 2000 жыл кірген.