Сирия қауіпсіздік күштері шерушілерге оқ атты

Сирияда Ассад әулетінің 40 жылдық билігіне қарсы наразылық танытушылар ел астанасы Дамаск пен басқа да қалаларда шеру өткізді.

Хабарларға қарағанда, қауіпсіздік күштері наразылық танытушыларды қуып тарату үшін оқ атқан. Associated Press агенттігінің мәліметінше, жұма Сирияның кемінде алты қаласында және ауылдарында бірнеше адам оққа ұшқан. Бұл ақпарат тәуелсіз түрде әлі расталмады.

Билік орындары журналистердің қозғалысына шектеу енгізді деп хабарланып отыр.

Адам құқықтары жөніндегі Amnesty International ұйымының мәліметінше, президент Башар әл-Ассадтың режиміне қарсы шерулердің орталығына айналған Дераа қаласында осы аптада опат болғандардың саны кемінде 55-ке жеткен.

Куәгерлердің айтуынша, жұма күні наразылық танытушылар қазіргі президенттің әкесі бұрынғы мемлекет басшысы Хафез әл-Ассадтың ескерткішін құлатқан, ал қауіпсіздік күштері бұған жауап ретінде атысты бастаған.