Павлодарда оппозициялық партия өкілдеріне шабуылдағандар жазаға тартылды

Тіркелмеген «Алға» партиясының белсенділеріне наурыздың 11-і күні Павлодарда шабуыл жасаған үш адам ұсталып, жеті тәулікке қамалғаны туралы Павлодар облыстық ішкі істер департаменті хабарлады.

«Алға» партиясының Павлодардағы бөлімшесінің жетекшісі Перизат Қасымованың айтуынша, наурыздың 11-і күні Павлодарда флеш-моб акциясына келе жатқан оппозициялық партия белсенділерінің қолындағы шарларды оларға тап берген белгісіз біреулер пышақпен кескілеп жарып тастаған. Әлгі шарларда «Мен сайлауға бармаймын» деп жазылған. Сондай-ақ, әлгі адамдар акцияға шыққандарға қоқан-лоқы көрсетіп, телеоператордың камерасын сындыра жаздаған.

Ішкі істер департаменті өкілінің айтуынша, бұл оқиға бойынша ұсталған 19 жастағы үш азамат сейсенбі күні әкімшілік сотының шешімі бойынша жеті тәулікке абақтыға қамалған.