Тәттімбеттің ұрпағына үйленген француз ғалымы күйшінің жеке жинағын шығарды

Францияда шыққан «Тәттімбет мұрасы» атты CD жинақтың мұқабасы. Алматы, 4 қазан 2010 жыл.

Қазақтың ұлы композиторы, шертпе күй өнерінің алыбы Тәттімбеттің шығармалары жазылған диск Францияда жарық көрді. Қазанның 4-і күні Алматыда «Қазақ домбырасы» сериясы бойынша шыққан «Тәттімбет мұрасы» атты жинақ БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Тәттімбет күйлерін жарыққа шығарушы, қазақ музыкасын зерттеумен айналысып жүрген француз азаматы Гзавье Аллездің негізгі мамандығы – тарихшы. Ол 1996 жылдан бастап қазақ тарихын зерттеп келеді. Әсіресе, 1900-1940 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен зұлмат оқиғалардың сырын ашуға талпынып жүр.

Гзавье көптеген шетелдік басылымдарда алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Тынышбаев тәрізді тұлғалардың өмірі мен қызметі жайында ғылыми мақалалар жариялаған.

1998 жылдан бері Тәттімбеттің шығармашылығын зерттеуге жүйелі түрде кіріскен Гзавье Аллез «Тәттімбеттің шығармаларын жаңғырту – баба алдындағы борышым» дейді. Өйткені француздың әйелі қазақ қызы – Тәттімбеттің ұрпағы екен.

– Біріншіден, менің әйелім Тәттімбеттің ұрпағы. Отбасында ол туралы айтылғанымен, мені Тәттімбеттің өмірі мен еңбегі қызықтырды. Өйткені оның ұрпақтары репрессияға ұшыраған. Бұл жағдай әулетке ауыр тиді. Сондықтан Тәттімбеттің әулеті туған өлкесінен көшуге мәжбүр болған. Оның еңбектерін зерттеуді борышым деп санадым, – дейді қазақ музыкасын зерттеуші француз Гзавье Аллез.
Тәттімбет күйлерін жарыққа шығарушы француз азаматы
Гзавье Аллез. Алматы, 4 қазан 2010 жыл.


Тәттімбеттің күйлер жинағы Париж қаласындағы әлемге әйгілі «BUDA MUSIQUE» студиясынан шыққан. Жинаққа 26 күй енгізіліпті. Оның екеуі екі реттен қайталанған.

«Тәттімбет мұрасын қазақтың шертпе күй өнерінің шебері Әбікен Хасеновсіз елестету мүмкін емес» дейді музыкатанушы Жарқын Шәкәрім. Сондықтан Тәттімбеттің «Көкейкесті» және «Азамат досқа» күйлері Әбікен Хасеновтің де, кейінгі жас күйшілердің де орындауында берілген.

Күй өнерінің ішіндегі шертпе күй мектебін Тәттімбет кемеліне келтірген дейді музыкатанушы Жарқын Шәкәрім. Өнертанушы Ерлан Төлеутай Гзавье мырзаның жинақ шығарудағы еңбегін жоғары бағалайды. «Француз күйеубала» Гзавье Аллез болашақта Тәттімбеттің шығармашылық өмірі мен оның Совет Одағы тұсында қуғын көрген ұрпақтары жайлы деректі фильм түсірмекші.

Бұған дейін Тәттімбеттің барлық күйлері қазіргі дәулескер қазақ күйшілерінің аутентикалық орындауында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жобасына енген еді. Бұл жобаны «Ел» продюсерлік орталығының Ғалым Доскен жетекшілік еткен шығармашылық тобы жүзеге асырған болатын. Енді, міне, француз ғалымы Гзавье Аллез шертпе күй өнерінің алыбы Тәттімбеттің жеке жинағын жарыққа шығарып отыр.