Әп-сәтте ойран болған Оштағы бір отбасының тағдыры

Холида Ахмедова. 22 маусым. 2010 жыл.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Холида Ахмедова отбасымен бірге Ош қаласындағы этникалық өзбектер қоныс тепкен Черемушки ықшамауданында қаннен-қаперсіз ғұмыр кешіп жатқан-ды. Бір күннің ішінде оның үйі күлге айналды, ері болса із-түссіз жоғалып кетті.
ҚЫРҒЫН

«Бар болғаны бір минуттың ішінде дүниенің астан-кестеңі шықты, - деп еске алады Холида. – Үйдегілер қаннен-қаперсіз шырт ұйқыда жатқан еді. Бір демде бүкіл ауылдың басына бұлт үйірілді, қаншама адам қырғынға ұшырап, нешеме үй өртке оранды».
Өртеніп кеткен үйінің жанында жылап тұрған өзбек әйелі. Ош, 24 мамыр 2010 жыл.

Осы оқиғадан соң ұлтаралық араздықтың кесірінен қанды қақтығыстардың ортасында қалған Холида Ахметова басқа да этникалық өзбектермен бірге Оштың оңтүстігіндегі бай өзбек ауданы Отхоннан пана іздеуге мәжбүр болды.

«Мұның бәрі маусымның 11-і күні түнгі екі мен үш шамасында басталды. Біз қатты шыққан дауыстар мен жұрттың айқайынан оянып кеттік, - деп күрсінеді Холида Ахметова. – Бір кезде дүрбелең басталды, кейбір еркектер: «Қырғыздар ашынған» деп айқайлап жүрді».

Холида маусымның 11-і күні таңертең ерте балаларын алып қашқандығын айтады, жұбайы болса басқа да ер адамдармен бірге бұзылған ауданда қалған дүниелерді қорғауға қалған.

«Біз ерлеріміздің қайда екендіктерін білмейміз. Балаларды алып қашып, тығылуға мәжбүр болдық. Аяғымыздың жеткен жері осы болды», - дейді Холида Ахмедова.

Бірнеше күнің ішінде Черемушки ықшам ауданы толығымен дерлік қирады, көптеген үйлер тамтығы қалмай жанып кетті.

ОТХОНДЫ ПАНАЛАУ

Черемушки ауданындағы көптеген әйелдер мен балалар Қырғызстанның Өзбекстанмен шекарасына қарай бет алды. Олар Ош және Жалал-Абад облыстарының бас сауғалаған ондаған мың халқына келіп қосылды. Қырғыз Республикасының оңтүстігіндегі қақтығыстардан 250-ден астам кісі қаза тапты.
Босқын өзбектер шатырларда тамақтанып жатыр. Қарасу ауылы, 23 маусым 2010 жыл


Жетпіс бес мың этникалық өзбек және олардың бала-шағасы Өзбекстанның шекарасынан өтіп үлгірді. Кейін бұдан артық босқын қабылдай алмайтындығын мәлімдеген Ташкент шекараны жауып тастады. Этникалық өзбектердің қалған тобы Отхонды паналады.

Жергілікті кәсіпкер Хайрулло Мамадхонов баратын жері қалмаған Холида Ахмедова секілді көптеген адамдарға пана беріп, тамақтандырды.

«Менде ештеме қалған жоқ. Үй мен дүние-мүліктер, құжаттар да жанып кетті. Күйеуім мен ата-анамның қайда екендігін білмеймін», - дейді даусы дірілдеп әрең сөйлеген әйел. Босқынға айналған ол бұрынғы шат-шадыман өмірін қалай қалпына келтіру керектігін білмейді.

Дәстүрлі өзбек көйлегін киіп, орамал таққан Холида Ахмедова үшін бастан кешкен қасіреті таусылмайтындай көрінеді.

«ПОГОНДЫ ҰРЫЛАР»

Отхонда маусымның 21-і күні жергілікті қауіпсіздік күштері ұйымдастырған кезекті рейдтердің бірі өтті. Олар ауданды баррикадалардан тазалап, қару-жарақ іздеумен айналысты. Бірақ тұрғындар болса қауіпсіздік күштерінің өкілдері, керісінше, өздерін тонап кетті дегенді айтып отыр.

«Олар бізге: «Ақшаны не істейсіңдер, бәрібір екі жетінің көлемінде өлесіңдер» - деді, ақша мен бағалы заттарымызды алып кетті. Олар ер полицейлер болатын, 20-30-дан топталып келіп тұрды», - дейді Холида Ахмедова.

Босқын әйел өзінің 14 жастағы баласын баспананың баспалдағының астына тығып қойып, сол арқылы оны тұтқыннан аман сақтап қалғандығын айтады. Мұндай ыңғайсыз орындарды көптеген босқындар паналаған.

Тұрғындардың айтуынша, әскердің тексерулері барысында олар бірқатар ер кісілерді – этникалық өзбектерді, солардың қатарында кәсіпкер Хайрулло Мамадхоновты да ұстап алып кеткен. Оларды есірткі, қару-жарақ және гуманитарлық көмектерді жасырып отыр деп айыптаған.

70-тегі этникалық өзбек Эргаш Ахмаджоновтың айтуынша, қарулы кісілердің бәрі олардан тұтқынға алынған кісілерді қайда ұстап отырсыңдар деген сауалдар қойған.

«Олар жастарды жерге етпетімен жатқызып қойып, бірқатарын ұрып-соқты, өздерімен бірге алып кетті», - дейді Эргаш Ахмаджонов.

АҚСАҚАЛДАР БІТІМГЕ ШАҚЫРДЫ

Босқындардың өздері қолдарында ешқандай қарулары болмағандығын алға тартып отыр. Көптеген әйелдер Хайрулло Мамадхоновтың босқындарға тамақ пісіру үшін жалдаған төрт кісіні полиция ұстап алып кеткенін көргенін айтады.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосының» тілшісі Брюс Панниерге Ош қаласындағы жергілікті билік өкілдері «Кәсіпкер Хайрулло Мамадхонов
Ош тұрғындары гуманитарлық көмекті бөлісіп жатыр. Ош, 24 маусым 2010 жыл.
қана тұтқында отыр» деген.

Ош облысы комендантының орынбасары Замирбек Молдошев жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан күш көрсету, атап айтқанда ұрып-соғу және бірқатар жағдайда этникалық өзбектерді тонау жайттары кезіккендігін жоққа шығармайды. Қырғызстанның бас прокуратурасы бұл мәселеге қатысты қылмыстық зерттеу жүргізіп жатыр.

Билік орындарының мәліметіне қарағанда қауіпсіздік күштері қару-жарақ, есірткі және Отхон мен басқа да аудандағы этникалық өзбектер кепілде ұстауы мүмкін адамдарды іздестірумен айналысқан.

Азаттықтың тілшісі Брюс Панниердің айтуынша, рейдтен кейін Қырғызстанның қауіпсіздік күштері қырғыз ақсақалдары мен рубасыларын алып келіп, Отхондағы этникалық өзбектермен татуластыруға тырысқан.

Алайда, біздің тілшіміздің хабарлауынша, босқындар ақсақалдардың өзбек пен қырғызды татуластыру туралы айтқандарынаа құлақ асатындай жағдайда емес.