Тәжікстанда полиомиелиттің бұрқ ете қалуы Мәскеу мен Душанбенің арасында дау тудырды

Кішкене тәжік қызына полиомиелитке қарсы дәрі беріп жатыр. Душанбе, 14 мамыр 2010 ж.

Биылғы жылдың сәуір айында Тәжікстанда жүздеген адамның полиомиелит ауруын жұқтыруы Мәскеу мен Душанбенің арасындағы жанжалға себепкер болды. Тәжікстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ресейдің бас санитарлық дәрігеріне жағдайды саясиландырмауға кеңес берді.

РЕСЕЙ БИЛІГІ ҚОЛҒА АЛЫП ЖАТҚАН ШАРАЛАР

Әдетте полиомиелит вирусы санитарлық жағдайы нашар жерлерде таралады. Вирус бірнеше сағаттың ішінде адамды толықтай сал қылып тастайды.

Тәжікстанда бұл аурудан екі адам көз жұмды деп ресми түрде тіркелген. Бірақ Ресей шенеуніктері бұл аурудан 15 адам қаза болды деп отыр. Тағы 104 адамның полиомиелит сырқатын жұқтырғаны хабарланды. Өзге 440 жағдайда сал ауруының әлсіз түрі көрініс берген. Әдетте бұл полиомиелиттің белгісі деп есептеледі.

Ресейде жүздеген мың тәжік азаматтары маусымдық жұмыстарда болады. Мәскеудің немесе Ангарск сияқты шалғайда жатқан қалалардың ауруханаларында полиомиелитпен сырқаттанды деген күдікті оқиғалар тіркелген.

Ел өкіметі аурудың кең таралып кетпеуі үшін бірқатар шараларды қолға ала бастады. Ауру жұқтыруға бейім деп есептелетін алты жасқа дейінгі тәжік балаларына Ресейге келуге тыйым салынды.
Ауғанстандағы полиомиелиттің алдын-алу акциясы. Қандағар, 12 қаңтар 2009 ж.

Ресей шекарасында осы елге келіп жатқан тәжіктерді медициналық тексеру жұмыстары басталып кетті. Онсыз да тәлтіректеп әзер тұрған тәжік экономикасына зиянын тигізетін тағы бір шара қабылданды. Мәскеу тәжіктің кептірілген жеміс-жидектерін импорттауға да тыйым салды.

Осы жағдайға байланысты ресейдің жауапты шенеуніктері де түсініктемелер бере бастады. Ресейдің бас санитарлық дәрігері Геннадий Онищенко: «Біз Тәжікстандағы өз балаларымызды қайтып әкелуіміз керек. Ол жақта ресей әскери қызметшілерінің мыңнан аса балалары бар. Олар жақында Тәжікстаннан кетеді», – деп мәлімдеді.

Мамырдың 26-ы Тәжікстаннан келген қыздан полиомиелит вирусы табылды деп хабарлады Геннадий Онищенко. Ол қыздың өзін жақсы сезінетінін, бірақ бәрібір полиомиелит вирусын жұқтырушы екендігін атап өтті. Онищенконың айтуынша, Ресейде полиомиелит вирусын жұқтырған бірнеше бала анықталған. Олардың барлығы жақында Тәжікстаннан отандарына оралғандар.

Бұдан бөлек, мамырдың 26-ынан бастап ағзаларында полиомиелит вирусы анықталған үш тәжік азаматы Ресейден Тәжікстанға
депортацияланды деп хабарлады Ресейдің ресми тұлғалары.

АУРУДЫҢ ТАРАЛУЫН ТОҚТАТУ

2002 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Ресей мен Тәжікстан құрамына енетін Еуропалық аймақты полиомиелиттен бос аймақ деп жариялаған болатын.

Аурудың осы жолы кенеттен шыға келуі, полиомиелиттің алдын алу бағытында ДДҰ-ның 1988 жылы жаһандық масштабта бастаған ауқымды шараларына жасалған соққы болып отыр.

2009 жылы 23 елде полиомиелит сырқатының 160 оқиғасы тіркелді. Ресейде мұндай сырқаттардың тіркелмегеніне 15 жыл болған. Тәжікстанда полиомиелит сырқатымен ауыру 1997 жылдан бері байқалмаған болатын.

Тәжікстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Саеда Джобирова бұл вирустың сырттан келгенін, басқаша сөзбен оны «жабайы полиомиелит» деп атайтынын мәлімдеді. Ресми тұлғалар бұны жергілікті жерге тән емес вирус, ол Тәжікстанға Үндістаннан әкелінді деп отыр.

Биылғы жылы Тәжікстанның көршілерінің арасынан Ауғанстанда тоғыз оқиға тіркелді. Сәуір айының басынан бері Өзбекстанның Тәжікстанмен шекаралас аймақтарында полиомиелиттің жеңіл түрімен ауырған үш оқиға тіркелді.

Әзірге полиомиелит Өзбекстанмен шекаралас Душанбе және Хатлон аймақтарымен шектеліп тұр. Осыған байланысты Өзбекстан мен Тәжікстан жаппай егу жұмыстарын үйлестіре жүргізіп жатыр.

БҰҰ мамандары бұрынғы тәжірибелерге сәйкес вирустың жылдам таралуын тоқтату үшін үш ауқымды жедел науқан жүргізу керек деп есептейді. Үшінші науқан маусым айының басына жоспарланып отыр.

ЖАҒДАЙДЫ САЯСИЛАНДЫРМАУҒА ШАҚЫРУ

Жақында Тәжікстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Аазам Мирзоев Ресейдің бас санитарлық дәрігері Геннадий Онищенкоға жағдайды саясиландырмауға кеңес берді. Мирзоев, сонымен бірге, кейбір балалардың вакцина салдырмағаны себепті оларда полиомиелиттен қорғайтын иммунитеті болған жоқ деп атап өтті.

Министр орынбасарының айтуынша, кейде еңбек мигранттары отбасыларымен бірге Қазақстан мен Ресейге жұмысқа кетіп, осының салдарынан қажетті вакциналарды салдырмайды.
Тәжікстан денсаулық сақтау вице-министрі Аазам Мирзоев. Душанбе, 4 желтоқсан 2009 ж.

Полиомиелит – өткір инфекциялы вирусты сырқат. Онымен сырқаттанған адамның демалуы қиындап, содан соң аяқ-қолы сал болып қалады. Оның ақыры өлімге соқтыруы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері мынадай: сырқаттанған адамның ыстығы көтеріліп, тамағы ауырып, құсқысы келеді. Арқасы сіресіп, бұлшық еттері құрысып, шаршаңқы күйде болып, басы ауырады. Дерт адамнан адамға жылдам көшеді. Сонымен бірге ол бұзылған тамақтан және судан жұғуы мүмкін.

Тәжік билігі аурудың сипаты, одан қорғанудың қажетті шаралары жайында халықты дұрыс хабардар етпейді деп шағынады Душанбенің қарапайым тұрғындары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен кешенді шаралар бойынша, билік орындары қандай жағдайда да адамдардың емін-еркін жүріп-тұруына шек қоймауы тиіс. Тәжікстанның кейбір көршілері дәл осы кеңеске құлақ асар емес.

Тәжікстандық балалардың келуіне Ресейдің тыйым салуы – ең қатаң шектеу болып отыр. Өзбекстан да шекара маңындағы тәжіктердің ел ішіне кіруіне қарсы шара қолданды. Дәл осы кезде полиомиелиттің бұрқ ете қалуымен байланысты Қазақстанның да Өзбекстанмен шекарада бақылауды күшейткені туралы хабар келді.