Теміртаулық ұстаздар өздеріне еңбекақыны көбейтпей, сағат санын азайтуды ұсынады

Білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Нина Попова. Теміртау, шілде, 2010 жыл.

Елдегі бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын кезекті рет көбейтуді ұйғарған үкімет тиісті бағдарламаны қабылдап қойды. Алайда, бұл мәселеге қатысты өзгеше ұсыныспен шыққан мұғалімдер өз пікірлерін үкімет ескерсе деп отыр.

ЖАС МҰҒАЛІМДЕРДІҢ МЕКТЕПКЕ ЖОЛАҒЫСЫ ЖОҚ


Еңбекақыны көбейту мәселесіне байланысты мұғалімдер үкіметке айтар ұсынысын бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлісті.

Қазіргі таңда Теміртау мектептерінде үш мыңға жуық ұстаз еңбек етіп жүр. Алайда қалалық білім бөлімінің мамандары әлі де бірқатар пәндер бойынша мұғалімдер жетіспейтіндігін алға тартып отыр: әсіресе білім мекемелері математика мен информатика мұғалімдеріне мұқтаж. Информатика мамандары азғана тиын-тебенге бола мектепте сабақ бергеннен гөрі компьютермен байланысты басқа салада жұмыс істеп, көңілінен шығатын еңбекақы алғанды жөн көреді. Сол секілді, мектептерде бастауыш сынып ұстаздары жетіспейді.

Табаны күректей 20 жылдан астам уақыт мектепте мұғалім болып еңбек еткен Теміртаудағы білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Нина Попова өз әріптестерін толғандыратын проблеманы беске біледі.

– Мектепке ұстаз болып келген жас мамандар бір-екі жыл жүріп, бұл жұмыстан кеткенше асық болады. Өйткені, бүгінде мұғалімнің жүгі өте ауыр. Қазіргі ұстаздардың робот тәрізді жұмыс істеуге мәжбүр құлға айналғаны қынжылтады. Балаларға білім бергенде жаңа технология енгізіп, жаңа әдебиеттерді зерттеп, жаңаша оқытқың келеді-ақ, бірақ, соның бәріне уақыт пен қайрат-күшің жетпей қалады, – дейді кәсіподақ қызметкері.

Оның сөзінше, қазірде мұғалімге барлығын артып қойған: тәулік бойы мектепте жүретіндері аздай, балалардың мектептен тыс және демалыс уақытында да шәкірт үшін ұстаз жауап береді.

– Мысалы, егер оқушы қылмыс жасайтын болса ең әуелі мұғалім жауап береді. Бұндай қатаң талаптар қойып, еңбекақыға төленентін болмашы тиын-тебенмен біз мүлдем мұғалімсіз қалуымыз ықтимал. Бізге деген осындай сорақы көзқарас қалыптасқан, – дейді Нина Попова.

Мәселен, жас маманның алатын айлық еңбекақысы 32671 теңге (шамамен 220 доллар). Егер сынып жетекшісін қоса атқарып, дәптер тексеретін болса, жаңағыға 6800 теңге (шамамен 40 доллар) қоса төленеді, алайда бұндай қосымша жұмыстар олардың кейбірінде ғана бар.

Күн көру үшін ұстаздар үстеме сағаттар алып жұмыс істеуге мәжбүр. Бірақ егер табыс салығын, зейнетақы қоры мен кәсіподақ жарналарын шығарып тастасаңыз, мұғалімнің қолына бар болғаны 33 мың теңге тиеді. Ал 20 жыл және одан көп уақыт мұғалім болып еңбек еткен, бірінші категориялы тәжірибелі мамандар 42 116 теңге (280 доллар шамасында) табыс табады.

Ресми деректерге жүгінсек, республика бойынша мұғалімнің орташа айлық еңбекақысы 44 130 теңге (300 доллар шамасында) екен, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 71 712 теңге (шамамен 480 доллар) болмақ. Биылғы жылы 66 384 теңге (шамамен 450 доллар) көлемінде болған елдегі дәрігерлердің орташа еңбекақысы 2012 жылы 107 874 теңгеге (730 доллардай) жетеді деп айтылып отыр. Мұғалімдер бұндай есептеулердің қайдан пайда болатындығына таңданыс білдіріп жатады.

ҰСТАЗДАР ҰСЫНЫСЫ

Осыдан үш жыл бұрын, Қарағанды мен Теміртау мұғалімдері үкіметке базалық қызмет жалақысын кемінде 15 мың теңгеге (100 доллардай) дейін көбейтуді ұсынып, сонда еңбекақының өскені сезілетін болады деген уәж айтқан-тын.

– Енді біз үкіметке басқадай бір ұсыныс жасап отырмыз: біздің базалық жалақымызды 30 пайызға көбейтудің қажеті жоқ (13713 теңге). Одан да мұғалімнің қазіргідей 18 сағат жүктемесін орта мектем деңгейінде – 14 сағатқа, ал бастауыш мектептерде – 16 сағат етіп бекітуді сұраймыз, – деді Нина Попова.

Білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жетекшісінің пікірінше, тек сонда ғана мұғалім еңбегіне лайықты ақша алатын болады.

– Оған қоса, еңбекақының көбейетіні туралы хабар жетсе болды, азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасы да қымбаттап шыға келеді. Бұл мәселені ерекше бақылауға алған жөн, – дейді Нина Попова.

ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ЖҰМЫРЫНА ЖҰҚ БОЛМАЙДЫ

Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін ұстаз алатын орташа жалақы мөлшерін экономикадағы орташа табыспен бірдей етіп теңестіру және еңбекақының жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қосымша төлемдерді де мамандардың біліктілігі пен категориясына байланысты ұлғайту көзделген.

Мәселен, екінші категориялы мұғалімге базалық қызмет жалақысының 150 пайызы, бірінші катергориялы маманға – 200 пайыз, ал жоғары категориялы ұстазға – 300 пайыз қосымша ақы төленеді. Бұған қоса, мұғалімдердің жұмыс сапасына қойылатын талаптар да күшейтілмек.

Әйткенмен, бюджет қызметкерлері табыстың көбеюі тұрмыс-тіршіліктерін жақсартатындығына күмәнмен қарайды. Әдеттегідей, барлық қосылған ақшаны инфляция «жалмап» қояды, ал үкімет тіпті саусағын да қимылдатпайды деп санайды ұстаздар қауымы.

– Еңбекақы қай айдан бастап көбейтілетіндігі туралы нақты ештеңе айтылмайды. Биылғы жылғы жағдай тағы қайталанып жүрмесіне кім кепіл: әуелі 1 қаңтардан еңбекақыны көбейтпек болған мемлекет кейін оның мерзімін 1 шілдеге дейін шегерді, тек жұрт жаппай наразылық білдіре бастаған соң ғана сәуірдің 1-інен бастап ұлғайтты. Бұл жолы да сол сияқты бұлыңғыр жағдай. Егер жоғарыда отырғандар еңбекақыны тек шілденің 1-інен бастап көбейтеміз десе, одан келіп-кетер жоқ. Өйткені, бүкіл жаз бойы демалыста болатын мұғалімдерге ол ақша тек қыркүйектің 1-інен кейін ғана жетеді. Үкімет тағы да біз арқылы қаржы үнемдейтын болады, – дейді ұстаздар.