"Әділ сөз" экобелсенді Аруна Ортаеваның ісіне алаңдаушылық білдірді

Аруна Ортаева.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау халықаралық қоры 15 тәулікке қамалған экобелсенді Аруна Ортаеваның жағдайына алаңдаушылық білдірді. Ол Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты аудио жариялағаннан кейін пәтерінде тінту болып, полицияға жеткізілген еді. Ізінше "полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін" 15 тәулікке қамалған. Қор адвокаты Вячеслав Лимге сүйене отырып, Ортаеваға алғашында өзін курьер ретінде таныстырған адамдарға есік ашпағаны үшін бағынбады деген айып тағылғанын жазды.

Белсенді "Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу" (Қылмыстық кодекстің 148-бабы) бабы бойынша ашылған қылмыстық істе қорғануға құқығы бар куәгер атанған.

"Әділ сөз" қоры мұндай жағдайда тергеу әрекеті қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратқан адамға қысым көрсету құралы немесе ақпарат көзін анықтау тәсіліне айналмауы керек деп санайды. Қор жарияланған жазба қоғам үшін маңызы бар мәселені қозғайтынына назар аударады. Атап айтқанда, жасыл желекті сақтау, ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру және қоғамдық тыңдау өткізу туралы болып отыр. Сондықтан тінту, әкімшілік қамау және өзге де шектеу шараларын қолдану ерекше мұқият әрі нанымды құқықтық негіздеуді талап етеді" деп жазылған қордың мәлімдемесінде.

Қор өкілдері істің ашық әрі объективті тергелуін, Аруна Ортаеваға қатысты жасалған әрекетке, жарияланған жазбадағы мәліметтерге де құқықтық баға берілуі қажет деп санайды.

"Құқық қорғау органдарының назары жазбаның пайда болуы мен таралуына қатысты жағдайға аударылғанымен, аудиоматериалдың мазмұнына қатысты тергеу жұмыстары туралы әзірге, ресми ақпараттың жоқтығы да сұрақтар туындатады" дейді қор.

Ортаева жариялаған аудиожазбада әкімдік қызметкерлеріне ұқсас адамдар Қызыл кітапқа енген жүздеген түп Сиверс алмасын "ың-шыңсыз" қалай шабу керектігін, сондай-ақ «қоғамдық тыңдауларды» қалай «дұрыс» өткізу керектігін талқылайды.

Әзірге, Алматы әкімдігі аудиожазбаға түсініктеме бермеді.

Жазда Көкжайлауда курорт құрылысы басталғанына қарамастан қоғамда тұрғындар мен экобелсенділер құрылысқа қарсылық білдіріп келеді. Жоба өкілдері құрылыс жергілікті туризмді дамытып, көп пайда әкелетінін, Шымбұлақ курортына салмақ артып жатқанын айтқан. Ал белсенділер мен қала тұрғындары курорт экожүйеге орасан зиян келтіретінін айтады.

Осы аптада #SaveKokzhailau қозғалысының белсенділері Көкжайлауда салынатын шаңғы курорты жобасының қоршаған ортаға әсеріне қатысты биыл мамырда өткен тыңдаудың нәтижесін сот арқылы жарамсыз деп танытуға күш салатынын айтты.