Қазақстанда Total.kz сайты бірқатар операторлардан ашылмай қалды

Total.kz жаңалықтар сайты 12 қыркүйекте ашылмай қалды. Редакция мұны мемлекеттік орган өкілінің өтінішін орындаудан бас тартқандығымен байланыстырады. Бұл жөнінде “Әділ сөз” баспасөз қорғау ұйымы хабарлады.

Қордың дерегінше, сайтта "Көкжайлауды Айға айналдырамыз ба?: Almaty SuperSki жобасы ҚР Қылмыстық кодексіне қайшы" ("Превратим Кок-Жайлау в Луну?": проект Almaty SuperSki противоречит УК РК") атты мақала 12 қыркүйекте жарияланған. Онда жобаның Көкжайлаудағы экожүйеге, ондағы сирек өсімдік пен жануар түрлеріне ықтимал әсері жөнінде мамандар пікірі келтірілген.

Редакцияның хабарлауынша, мақала жарияланғаннан кейін Total.kz сайтына мемлекеттік орган өкілі хабарласып, мақаланы уақытша жасыруды өтінген. Редакция материалды өшіруден немесе оған шектеу қоюдан бас тартқан. Көп кешікпей сайт "Қазақтелеком", Altel, Tele2, Activ және Kcell арқылы ашылмай қалған. Бірақ Beeline желісі арқылы сайт ашық тұр.

13 қыркүйекте кешке Азаттық Қазақтелеком провайдері арқылы сайтты ашуға тырысқанмен ашылмады. Ал Beeline байланыс жүйесімен сайт ашылады, бірақ жоғарыда аталған мақала ашылмайды.

"Әділ сөз" қоры оқиғаны "өте алаңдатарлық" жағдай деп атады.

"Мемлекеттік органның редакцияға журналистік материалды жасыру туралы өтінішпен жүгінуінің өзі ашық құқықтық негіздемені талап етеді. Бұдан кейін бірнеше байланыс операторында сайттың ашылмай қалуы қоғамдық маңызды ақпаратты таратуға кедергі келтіру мүмкіндігі туралы одан да көп сұрақ туғызады" деп жазды қор өкілдері.

"Әділ сөз" мәдениет және ақпарат министрлігін мемлекеттік орган өкілінің қандай негізде Total.kz редакциясына хабарласқандығын анықтауға, сонымен бірге сайтқа қандай да бір шектеу шарасы қолданылғаны-қолданылмағанын айқындауға шақырды.

Қор өкілдері ақпарат құралының жұмысына кедергі келтіру және журналистік материалды шектеудің нақты заңды негізі болуы керек және редакция қызметкерлеріне қысым жасау құралы ретінде пайдаланылмауы керек екенін атап көрсеткен.

Әзірге, Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі оқиғаға реакция білдірген жоқ.