2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Қадырова 8 желтоқсанда "әділдік іздеп" Астанаға жаяу шыққан ұзақ жолдың жартысына жетпей, Алматыға оралды.
Қадырова 8 желтоқсан күні Алматыдан Астананы бетке алып, жалғыз өзі жаяу кетіп бара жатқан кезде өзіне жолыққан Qazaq times тілшісіне Астанаға "әділдік іздеп бара жатқанын" айтқан еді. "Жолға қаражатым жоқ, қайырымды адамдар ала кетер" деген әйелді жолай көлігіне отырғызған адам қайтадан Алматыға алып кеткен.
Діттеген жерге жетпей кері оралған Қадырова "Астанаға енді автобуспен шығамын" деген. Алайда дүйсенбі күні кешке өзіне Алматы қаласы әкімдігінің өкілі хабарласып, кездесуге шақырғандықтан, өз шағымы бойынша қандай жауап алатынын білгісі келетінін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар құрбанының жесірі Шапағат Қадырова "әділдік талап етіп" Астанаға шықтыӘкімжан Бектұрғанның қазасы бойынша Қылмыстық кодекстің "билікті асыра пайдалану" бабымен іс қозғалып, жабылған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық қорынан марқұмның отбасына 7 миллион теңге бір реттік көмек берілген.
Қадырова 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында жақындары қаза тапқан алматылық әйелдердің біразына тұрғын үй берілгенімен, өзі ондай көмектен шет қалғанына наразы. "Менің де балаларым әкесіз қалды, неге менің күйеуімді шетке ысырып тастайды?" дейді үш баланың анасы.
Қаңтар оқиғасы кезінде асыраушысынан, жақындарынан айырылған адамдар Алматы қалалық әкімдігі, бас прокуратура, президент әкімшілігі сияқты мекемелерге әділдік іздеп талай рет барған.
Мемлекет Қанды Қаңтарда кездейсоқ қаза болған жиыны 151 адамның отбасына "Қазақстан халқына" қорының атынан 7 миллион теңгеден қайырымдылық көмек берген. Олардың кәмелетке толмаған әр баласына 2 миллион теңгеден берілген. Қорға ауқатты кәсіпкерлер, ірі компаниялар ақша аударды. Жергілікті мемлекеттік органдар, компаниялар Қаңтар құрбандарының отбасына көмектесті деген ақпарат болды.
Президент Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды.
Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаев көмек сұрап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына жүгінді. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан бұл ұйым Қазақстанға әскер кіргізді, ол әскер елде екі аптаға жуық уақыт болғаннан кейін шығарылды. Бақылаушылар ҰҚШҰ күштерінің енгізілуі жоғары билік элитасы арасында өрбіген тартыстың түйінін алдын ала айқындап берді деп есептейді.
Қазақстан билігі елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына әлі күнге дейін ешқандай айғақ-дәлел келтірген жоқ.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталмады, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.