27 тамызда “Әділет” партиясы атынан Құрылтай депутаттығына ұсынылғандар тізімі жарияланды. 110 үміткердің 20-ы алдыңғы мәжілісте партия атынан депутат болған. Жалпы тізімде парламентте депутаттық тәжірибесі бар 24 адам бар.
“Депутаттардың 37-сі әйел (33,6%), 13-і жас (11,8%), 2-еуі ерекше қажеттіліктері бар адам (1,8%). 21-і (19%) – өзге ұлт өкілі. Орташа жасы – 46,7 жас” деп жазылған партия хабарламасында.
"Әділет" партиясы атынан Құрылтай депутаттығына ұсынғандар.
Партияның хабарлауынша, партиялық тізім Құрылтайдың бірінші шақырылымы депутаттарын ресми тіркеу үшін орталық сайлау комиссиясына жөнелтілген.
Бейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділет" партиясы атынан депутаттар тізіміне енген бірқатар мемлекеттік қызметкерді лауазымдарынан босатты. Бұлар:
Сатыбалды Бұршақов — Қазақстанның Солтүстік Македониядағы елшісі
Дархан Ахмедиев — қорғаныс министрінің орынбасары
Абай Алтай — президент іс басқарушысының орынбасары
Ербол Адаев — президент әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі.
Олар аталған қызметтерінен босатылды.
Бір күн бұрын өзге төрт партия Құрылтай депутаттығына ұсынылғандардың тізімін жариялаған. Respublica партиясының тізімінде – 9, "Ақ жолда" – 8, ЖСДП-да – 8, "Ауылда" 10 үміткер бар.
- 23 тамызда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Ресми қорытынды бойынша, сайлауда биыл бірнеше ай бұрын тіркелген жаңа "Әділет" партиясы сайлаушылардың шамамен 71 пайыз дауысын алған. Оған сәйкес, сонымен бірге бес пайыздық межені "Әділеттен" бөлек, тағы төрт партия: "Ауыл", Respublica, "Ақ жол", ЖСДП бағындырған.
- Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының өкілдері 24 тамызда көпшілікке таныстырған алдын ала қорытындысында Қазақстандағы сайлау "саяси плюрализмі аз ортада өткені" айтылған. Миссия өкілдері "саяси додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмағанын, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелгенін" атап өтті.
- Президент Тоқаев сайлауға дауыс беру күні қарсаңында телеарнадан жасаған үндеуінде биылғы "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын" айтып, бұл сайлау "ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық" деп мәлімдеген еді.
- Ертең, 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді.