Құрылтайда басым дауысқа ие "Әділет" партиясының фракциясы ұлттық құндылықтарға негізделген амандасу әдебін әлеуметтің күнделікті өмір салтының элементі ретінде енгізуді ұсынды. Фракция мүшелері бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Білім министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауалында айтқан. Оны 9 қыркүйекте Құрылтай отырысында депутат Ерлан Сайыр оқып берді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұраны сақтау деп атап өтті. Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет концерт, театр немесе музеймен шектелмейді. Мәдениет адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементтерінің бірі", – делінген "Әділет" фракциясының үкіметке жолдаған сауалында.
Президент Тоқаевтың сөзін қайталаған депутат Сайыр "қазақ қоғамында амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болғанын" айтып, амандасу мәдениеті мектептерде жүзеге асырылуға тиіс "ұлттық бірегейлікті нығайтудың ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатының" бір бөлігіне айналуы керек деп мәлімдеді.
Бұған қол жеткізу үшін елдегі білім беру мекемелері – балабақша мен мектептен бастап орта, арнаулы білім мекемелері мен университеттерге дейін – өз тәрбие жұмысына әдеп нормаларын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек деп санайды "Әділет" фракциясы.
Your browser doesn’t support HTML5
Тоқаевтың құшақтасып, сүйісіп амандасуды сынаған сөзі талқыға түсті
23 тамызда, Құрылтай сайлауына дауыс беру күні президент Тоқаев "ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің ерлерді, ер адамдардың әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған" деп сын айтқан.
"Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Совет одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған" деп мәлімдеген Тоқаев.
Президенттің сөзін қызу талқыға салған әлеуметтік желі қолданушылары арасында оны сынға алғандар да, Тоқаевтың сөзін құптағандар да болды. Кейбіреулер нацистік Германияны жеңген Қызыл армия жауынгерлерінің бір-бірін құшақтап, бетінен сүйіп шаттанған сәтіндегі, совет мемлекеті басшылығында болған ер адамдардың бір-бірімен айқара құшақтасып, сүйісіп тұрғаны, тіпті президент Тоқаевтың өзге мемлекет жетекшілерімен құшақтасып жатқаны бейнеленген видеолар мен суреттер жариялаған.