Адвокат: Мансур Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында бақылау камерасын сындырған

Мансур Мовлаев

26 қарашада бірнеше дереккөз экстрадициялық қамауда отырған шешен азаматы Мансур Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында бейнебақылау камерасын сындырғанын хабарлады.

Бұл ақпарат алғашында оны қолдау мақсатында ашылған Instagram парақшасында жарияланды. Аталған парақша, сондай-ақ Ресейдегі адам құқығы туралы жазатын «Слово защите» жобасы Қазақстанда Мансур Мовлаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 428-1-бабы — «Мүлікті қасақана бүлдіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Адвокат Вадим Дроздов «Азаттық Азияға» берген түсініктемесінде қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде өзіне ештеңе белгісіз екенін айтты. Алайда қорғауындағы азаматтың бейнебақылау камерасын сындырғанын растады.

Адвокаттың айтуынша, Мовлаев «Ресейге қайтарылғаннан гөрі Қазақстан түрмесінде қалғанды жөн көреді».

«Ол Қазақстан билігінің экстрадицияланған жағдайда өзіне төнетін жеке қауіп-қатерге тиісті баға бермей, дипломатиялық кепілдіктерге ғана сүйенгеніне қатты көңілі қалған. Мансурдың айтуынша, егер мұндай кепілдіктер шынымен қорғай алатын болса, бүгінде жүздеген жас шешен тірі жүрер еді. Оның пікірінше, Ресейге қайтарылғаннан гөрі Қазақстанда өлгенді немесе өмір бойына түрмеде отырғанды жөн көреді», — деді Вадим Дроздов.

26 қарашада адвокат бұл жөнінде БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқықтарының ахуалы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацароваға хабарлаған. Оның сөзінше, арнайы баяндамашының командасы жағдайды бақылап отыр.

Ал құқық қорғаушы Максим Руднев те Мовлаевтың бұл әрекетін Қазақстанда қалуға бағытталған «шарасыз қадам» деп бағалайды. Оның пікірінше, белсенді Ресейге қайтарылса, азаптауға ұшырап, өміріне қауіп төнуі мүмкін деп қорқады.

Қазақстанның ресми органдары, соның ішінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мовлаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 428-1-бабы бойынша іс қозғалғаны туралы интернетте тараған ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға дайындап жатқаны хабарланған еді. Адвокат Елена Жигаленоктың айтуынша, тергеу изоляторына келген бір адамнан Мовлаевқа арналған сәлемдемені қабылдамаған. Оған белсендінің Петропавлға ауыстырылатындар тізіміне енгізілгенін айтқан. Ресейге экстрадициялау осы қаладан жүзеге асырылады.

«Азаттық Азия» Мансур Мовлаевтың жағдайына байланысты Қазақстанның Бас прокуратурасына ресми сауал жолдаған. Әзірге жауап келмеді.

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев 2025 жылдың мамыр айынан бері Алматыда экстрадициялық қамауда отыр, Мәскеу оны беруді талап етіп отыр. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Мовлаев өз отанында қудалауға, азаптауға ұшыраған. Ол Қырғызстанға кетіп қалған. 2023 жылы Қырғызстан билігі оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға соттап, жазасын өтеп шыққаннан кейіннен елден шығарылсын деген қаулы қабылдаған. Қырғызстаннан Қазақстанға келген Мовлаев мұнда бір жылдан астам уақыт басқа атпен өмір сүрген.

Отанында оған бопсалау айыбы тағылған. Адвокаттар ол іс 2022 жылы, Мовлаевты ұрлап әкетіп, азаптап, телефонын тартып алған кезде ойдан құрастырылған деп мәлімдеді.

Қазақстандағы изоляторда отырған кезде Мовлаев пана сұрап өтініш берген. 2025 жылдың аяғында өтінішіне жауап алды: Астана оны критерийлерге сай келмейді деп тапты.

2026 жылдың қаңтарында Бас прокуратура Мовлаевты экстрадициялауды сұраған Ресейдің өтінішін қанағаттандырды. Алайда ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті экстрадицияны тоқтата тұруға негіз ретінде шұғыл қамтамасыз ету шараларын қолдана отырып, Қазақстанға Мовлаевты Ресейге беруге тыйым салды.

Көп ұзамай Қазақстанның Жоғарғы соты экстрадициялау процесін уақытша тоқтатты. 12 айлық экстрадициялық қамау мерзімі аяқталса да Мовлаев қамауда қалды.

Қыркүйек айында кассация алқасы Мовлаевтың паналатуды сұраған өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот ұйғарымы шыққан соң бес күннен кейін Мансур Мовлаев өзіне қол салуға әрекет жасады.

Қазан айында Қазақстанның Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге кедергі болатын "құқықтық негіз жоқ" деп мәлімдеді. Адвокаттар Бас прокуратураның жауабында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің қамтамасыз ету шаралары туралы шешімі "ұсыныс сипатында" деп аталғанына алаңдаушылық білдірді, ал құқық қорғаушылар ол шаралар экстрадицияны тоқтата тұруға негіз болатынын айтады.

Қазір Алматының тергеу изоляторында экстрадициялық қамауда отырған ресейлік белсенді Юлия Емельянованың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Петербургтегі штабының бұрынғы қызметкері 2025 жылдың тамыз айында Алматы әуежайында – Грузиядан Вьетнамға Қазақстан арқылы ұшып бара жатқан жолда ұсталған. Қазақстан билігі оны Ресейдің сұрауы бойынша ұстап, қамаған.

Қыркүйектің аяғында 150-ден астам құқық қорғаушы Астананы Мовлаев пен Емельянованы Ресейге бермеуге үндеді. Қазақстан билігі бұл мәлімдемеге ешқандай реакция білдірген жоқ.