Адвокат: Қазақстан Жоғарғы соты Мовлаевты экстрадициялауды тоқтатты

Мансур Мовлаев

Қазақстан Жоғарғы соты шешен азаматы Мансур Мовлаевты оның босқын мәртебесіне қатысты шағымы қайта қаралғанға дейін экстрадициялауды тоқтатты. Бұл жөнінде адвокат Мұрат Адам хабарлады.

24 ақпанда Жоғарғы сотта оны Ресейге экстрадициялау туралы Қазақстан прокуратурасының шешіміне қатысты оның адвокатының шағымы бойыша сот отырысы тағайындалған.

Қаңтар айында Қазақстан бас прокуратурасы Мансур Мовлаевты экстрадициялау туралы Ресейдің өтінішін қанағаттандырған еді.

Осы аптада БҰҰ Адам құқығы комитеті Мовлаевтың шағымын тіркеп, Қазақстан билігін оның шағымын комитет қарағанға дейін экстрадицияламауға шақырған.

"Комитет регламентінің 94 ережесіне сәйкес, комитет хабарламаны қарағанға дейін мемлекетке Мансур Мовлаевты қайтармау туралы ұсыныс жасалды" деп жазылған жауапта.

Адвокаты мен жақтастары Ресей билігі Шешенстаннан шыққан Мансур Мовлаевты саяси себептермен қудалап жатыр деп санайды.

Қазақстанда Мовлаев Ресейдің сұрауы бойынша былтыр мамырда қамауға алынған – Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған.

Бұған дейін Мовлаев егер Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, тіпті өлтіріп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін одан кек алу мақсатында ойдан құрастырылған айып бойынша қозғалған дейді.

2022 жылы Мансур Мовлаев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сол жылғы тамыз айында оны Шешенстанда күштік құрылым өкілдері ұрлап әкетіп, жасырын түрмелердің бірінде ұстаған деп жазды "Кавказ.Реалии" басылымы. Ол кезде аймақта адам ұрлау жиілеп, оларды босату үшін ақша талап ететін, әйтпесе Украинадағы соғысқа жібереміз деп қорқытатын дейді құқыққорғаушылар.

Мовлаев амалын тауып қашып шығып, еш құжатсыз Қырғызстанға жеткен. 2023 жылы Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға қамап, жазасын өтеген соң елден шығарылсын деп шешім қабылдаған.

Қырғызстандағы колониядан шыққаннан кейін ол Қазақстанға қашқан. 2025 жылғы мамыр айында Алматыда ұсталды – әуелі 40 күнге қамауға алынып, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

Қазақстан билігі босқын мәртебесін сұраған ресейліктердің ешқайсының өтінішін орындаған жоқ. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, пана таба алмаған кемінде төрт адам Ресейге қайтарылған. Бұған дейін кейбір ресейліктер Қазақстан арқылы үшінші елге кеткен.