Алматы қаласының тергеу соты блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханды 10 күнге қамады. Бұл жөнінде адвокаты Мұхаммед Әлиосманұлы хабарлады.
"Кеше ғана (31 наурызда) тергеу соты өтті. Әділетхан Молдаханды тергеу соты 10 тәулікке прокуратураның өтініш хатын қолдап [қамады]. Заңсыз, негізсіз. Біз қазір апелляцияға дайындалып жатырмыз. Шағымды дайындап жатырмын. Әділдік болады деп ойлаймын" деді адвокат желідегі парақшасында.
10 күнге қамалғанын Алматы полициясы да "Курсив" басылымына растаған.
30 наурызда Әділетхан Молдаханның ұсталғаны белгілі болған. Алматы полициясының хабарлауында ол "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікке ілінген. Ал туыстары "ұлтараздық алауыздық қоздыру" бабы да бар екенін айтты.
Ол бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның ажалына себеп болған жол-көлік оқиғасын баяндап, пікірін жариялаған. Заңгер түнгі қалада автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. 7 миллион рет көрілген бір видеода бірнеше полиция қызметкеріне айыптаулар айтылды.
Полиция мәліметінше, 21 наурызда түнгі сағат 3:30 шамасында Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында Zeekr электр көлігі жолдың қарсы бөлігіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы тіл тартпай кеткен. Жарақат алған Zeekr жүргізушісі ауруханаға түсті. Сот оны қылмысқа күдікті ретінде қамауға алу туралы шешім шығарды.
Әлеуметтік желілердегі наразылықтан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі ішкі тергеу жүргізіп, Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірінің жүргізушісінің үстінен әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғады. Ішкі істер министрі Алматы полиция департаменті бастығының орынбасарын және әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік департаменттері басшыларын қызметінен босатты.
Молдахан – кейінгі төрт айда "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен істі болып жатқан бесінші адам. Қазір журналистер Ботагөз Омарова ("Айтпа, Ботагөз" телеграм арнасы), Гүлнар Бажкенова (Orda.kz сайтының бас редакторы), Әмір Қасенов (ҚазТАГ агенттігінің редакторы) және қоғам белсендісі Санжар Боқаев (оған "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды" деген де айып тағылған) осы баппен істі болып жатыр. Боқаевпен бірге оның видео операторы Ұлан Нүсіпқожа да Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отыр.