Қазақстанның бірінші президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді.
Оның сөзінше, Сара Назарбаева сәуірден бері Алматыдағы президент істері басқармасына қарасты ұлттық медицина орталығында емделіп жатыр.
“Барлық медицина шаралары медициналық көмек көрсету стандартына сәйкес отандық мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр” деп жазды Үкібай.
Ол кейінгі кезде кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты жалған деректер жарияланып жатқанын алға тартып, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Жуырда бірқатар БАҚ дереккөзге сүйеніп, жақындары Сара Назарбаеваны емдету үшін Швейцарияға алып кеткенін жазған еді.
Биыл мамырда қазақстандық сайттар 84 жастағы Сара Назарбаеваның ауруханада жатқанын, жағдайы ауыр екенін жазған еді. Кейін басылымдарда Назарбаеваның "қайтыс болғаны" жайлы ақпарат тарап, бірінші президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Сара Назарбаева күйеуі президент қызметінде болған кезеңнің кейінгі жылдарында ел алдына көп шықпай кеткен. Ол күйеуімен бірге шетелдік сапарларға барған жоқ, ресми шараларда да бой көрсетпеді.