Орталық Азияда ауаның ластануы қауіпті деңгейге жетті. Шенеуніктер мен сарапшылар не дейді?

Өткен аптада Бішкек IQ Air сайтындағы лас қалалар рейтингінде бірнеше мәрте көш бастады.

Алматы, Бішкек, Ташкент, Астана. Орталық Азияның бас қалалары әлемнің ең лас қалалары қатарына кірді. Ел үкіметтері мәселені мойындағандай болып, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ ол шешу жолдарының кейбірі дауға қалды.

Жыл сайын осы уақытта көмір электр станциялары мен тұрғын үй мұршаларынан, қала жолдарындағы ескі автокөліктерден шыққан түтін Орталық Азия қалаларын тұмшалап алады. Әлеуметтік желіде ауаның қаншалық нашар екені айтылып, ауа тазартқышты қайдан алуға болатыны туралы әңгіме көбейеді.

Орталық Азия үкіметтері бұл қиындықпен күресуге құлықсыздық танытып келген. Бірақ биыл ауаның ластануы апатқа ұқсап барады.

ПРОБЛЕМА ҚАНШАЛЫҚ НАШАР?

Осы айда Қырғызстан астанасы Бішкек IQ Air сайтының ауа сапасы ең нашар қалалар рейтингінде көш бастады. АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің ауа сапасы индексіне сәйкес, 201–300 арасындағы диапазон "денсаулық үшін өте зиян" саналады.

Рейтингке кірмеген Алматы қаласында да көрсеткіш соған жақын.

Қазақстан астанасы Астана мен Өзбекстан астанасы Ташкент те кейінгі апталарда IQ Air рейтингінде топ-20 елдің ішіне жиі кіріп жүр.

Өңірде ауаның ластанғаны көрсететін фото жиі тарайды. Ал таулы аймақта орналасқан Алматы мен Бішкекте түтінге оранған қаланы суретке түсіру тіпті оңай.

Түтін қатты байқалған күндері әлеуметтік желіде үрей мен қалжың көбейеді.

"Жарты миллион [теңгеге – 1000 доллардан астам ақшаға] ауа тазартқыш. Пікірлеріңіз?" деп сұрайды қазақстандық қолданушы Твиттерде. "Ол тұтас қаланы тазалай ма?" деп жауап береді оның қымбат екенін айтқан тағы біреуі.

Түтін басқан Алматы. 2018 жыл.

Бірақ мұның денсаулыққа зияны қалжыңдауға мұрша бермейді.

Бішкекте тұратын дәрігер Ермек Исмаилов пациенттердің көбі қыста бас ауруы мен тыныс алудың қиындағанына шағымданады дейді.

"Тұмау кезінде симптомдардың нашарлайтынын көреміз. Иммунитет әлсірейді. Бұрын жөтел екі апта болса, қазір бір ай немесе алты аптаға дейін жалғасатынын көріп отырмыз" дейді Исмаилов Азаттық радиосына.

ЮНИСЕФ қолдауымен жүргізілген зерттеу 2021 жылғы 1 шілде мен 2022 жылғы 30 маусым аралығында Бішкекте ауаның ластануынан 112 адамның көз жұмғанын көрсетті.

Бірақ ел билігі бұл дерекке күмән келтіріп отыр.

ПРОБЛЕМА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Орталық Азия қалалары жылу мен жарықпен қамту үшін қазба отынға сүйенетін жүйелерді қолданады.

Бірақ халықаралық деңгейде олар бұл мәселеге келгенде жалғыз емес.

Совет заманында ауаның ластануы ірі өнеркәсіп орналасқан кішігірім қалаларда ерекше байқалған.

Содан бері қалалардағы халық саны артты, ал автокөлік саны оның мүмкіндіктерінен асып түсті. Бұрын жеке көлік санаулы адамда ғана болатын.

Ірі қалалар маңындағы жаңа елдімекендер көбіне газ инфрақұрылымына қосылмаған. Тұрғындар пеш жағу үшін көмір, тұрмыс қалдықтарын, арзан маталарды қолданады.

Қалаларда ауа ағынын тарылтатын биік ғимараттар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген.

Бішкекте бұл тенденцияны мемлекет саясаты одан сайын ушықтырып жіберді. Олар импортталатын қымбат көмірге емес, оның жергілікті өндірістегі лас әрі арзан түріне басымдық береді.

Таза ауаны талап еткен митинг. Алматы, 26 ақпан 2022 жыл.

Таумен қоршалған Бішкек пен Алматыда температура инверсиясы кезінде түтін көбейіп кетеді. Жылы ауа салқын ауа мен жылу жүйесінен және көліктен шыққан түтінді тор сияқты ұстап тұрады.

Жазық жерде орналасқан, тұрғындар саны кейінгі 20 жылда екі есе артып, миллионнан асқан Астананы желдендіру жеңіл сияқты. Бірақ онда күн суық болғандықтан, қаланы жылыту үшін көбірек от жағу керек.

Былтыр Азаттықтың Қазақ қызметі қаладағы 30 мыңнан астам жер үйдің тек 5 мыңы ғана газ құбырына қосылғанын хабарлаған.

Астанада қаланы жоспарлау да жаяу жүргіншілер жүретін жердің азаюына алып келген. Мұнда жыл сайын көлік саны да артып жатыр.

ГАЗ ҚОЛДАНЫП, ЖАҚСЫ КӨМІР АЛУ КЕРЕК ПЕ?

Қазақстан мен Өзбекстан жаңартылатын энергия көздеріне тартылған инвестицияны арттырып жатыр. Бірақ жел мен күн энергиясының көмір мен табиғи газ секілді қазба отынының орнын жылдам алмастыра алатынына күмән бар.

Ал кедейлеу елдерге жаңартылатын энергия көздеріне өту қиынға соғады. Олар шығынның орнын толтыру электр энергиясы мен жылу тарифтерін қымбаттатуға мәжбүр болады. Қазір электр энергиясы мен жылу тарифтері бұл елдерде әлем бойынша ең арзаны саналады.

Қысқа мерзімде көмірден газға және электр энергиясына өту қолжетімді болып отыр.

Бірақ мұның да проблемасы бар.

Газды маңызды электр энергиясының көзі ретінде қарап жатқан Өзбекстанда қыста күн ерекше суық болып, отын жетіспеушілігі бұрынғыдан бетер байқалды.

Қазақстанда да газ жетіспейді. QazaqGaz ұлттық газ компаниясы бұған арзан тарифтерді кіналайды.

Осы жазда QazaqGaz директоры Санжар Жаркешов Алматы электр станциясын көмірден табиғи газға ауыстырса, кво статусы өзгеретінін айтты.

Қырғызстан қоршаған орта министрі Динара Кутманова.

Қырғызстанда қоршаған орта министрі Динара Құтманова осы аптада парламент отырысында түтін проблемасын көтеріп, ауаны тазартуға 6,7 млрд доллар көлемінде грант іздеп жатқанын айтып таң қалдырды. Бұл сома елдің биылға жоспарланған бюджет кірісінен екі есе көп.

Құтманова Қара-кешеде көмір байыту зауытының құрылысы жоспарын таныстырды. Бұл кен орны Бішкектегі негізгі жылу станциясы мен ел бойынша тұрғын үйлерді қамтып отыр.

Құтманова зауыт жағатын кезде түтінді аз бөлетін көмір брикеттерін шығарады дейді. Ол билік қаладағы қоғамдық көліктер арасындағы ескі микроавтобустарды да алмастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ

Орталық Азия саясаткерлерінің қызығушылығын оятқан таза энергия көзі ядролық энергетика болды. Кейінгі кездері оған Ресей лобби жасап жүр.

Өзбекстан мен Қазақстан жүйеге түсетін қысымды азайтып, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларына тәуелділікті азайту үшін атом электр станциясын салатынын мәлімдеген еді.

2018 жылы Өзбекстан Ресейдің "Росатом" энергетика компаниясымен атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды. Ол 2028 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ұлттық энергетика балансында 2030 жылы атом энергиясы нөлден 15 пайызға жететіні айтылды.

Қазақстан билігі де "Росатоммен" жұмыс істеуге мүдделі болды. Бірақ қазанда "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев миллиардтаған қаражат жұмсалатын жобаны халықаралық компаниялар консорциумы жүзеге асыратынын айтты.

Ол зауытқа құрал-жабдық жеткізетін негізгі елдер Ресей, Франция, Оңтүстік Корея болатынын айтты.

Бірақ Мәскеудің Украинаға басқыншылығы бұл жобаларға қатысты күмән туғызды. Адам өмірі мен азаматтық инфрақұрылымдарға зиян тигізген соғыс кезінде Ресей қарулы күштері Украинаның Запорожье қаласындағы Еуропадағы ең ірі атом электр станциясын басып алғаны белгілі.

Кремль оны жоба серіктестері қатарынан алып тастаса, теріс реакция танытуы мүмкін. Қазақстанда жер сілкіністері қауіп төндіреді және совет кезіндегі ядролық сынақтардың да жарасы әлі жазылмаған.

Ядролық саясат жөніндегі сарапшы Тоғжан Қасенова Азаттыққа берген сұхбатында Мәскеудің Украинадағы әрекеті "Росатомды" атом электр станция құрылысына араластырмау керек деді.

"Әскерилері басқа бір тәуелсіз елдің ядролық объектілерін заңсыз басып алып, ядролық қауіп төндірген елді ядролық салада сенімді серіктес ретінде қарастыруға болмайды" деді Карнеги қорының ядролық саясат бағдарламасының ғылыми қызметкері Тоғжанова.

"Жуық арада шетелден [жабдық] алуы шектеліп, санкция астында қалатын ел атом электр станциясын сала алмайды".

Материалды жазуға Азаттықтың Қазақ және Қырғыз қызметтері атсалысты