Алматыда үш адамның өмірін қиған Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты сот жалғасып жатыр. Қаза болған екі қыздың бірі Томиристің әкесі Рүстем Шотенов сотта эмоциямен сөйледі. Ол пікірін айтып, өзін ресми түрде жәбірленуші тануды сұрады.
Шотеновтің сөзінше, қыздың анасымен ажырасып кеткеніне қарамастан ол қызының өміріне әрдайым арласып, қолдап келген. Сотта ол эмоциясын ірке алмады. “Үш ай бойы ұйықтаған жоқпын!” деп айқайлады ол.
Қыздың анасы өтемақы алғаннан кейін сотталушыны кешіргеніне қарамастан ер адам сотталушыны кешірмегенін жеткізді.
“Оның миллиондары қажет емес. Маған менің балам керек” деді ол сотта.
Рүстем Шотенов сотталушыдан өтемақы алмағанын, оның отбасына қысым жасамағанын да айтты. Жауаптан кейін қыздың әкесі қалған жәбірленушілер ақша алып, жол апатына кінәлі сотталушыны кешіргені жайлы жаңалықтан кейін процеске ресми түрде араласуды жөн көргенін айтты. Оның сотта құқығын адвокат Мейірман Шекеев қорғап жатыр.
Сот оның жауабынан кейін өтінішін қанағаттандырып, ресми түрде жәбірленуші таныды.
Айыптау құжаттарына сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак биыл 21 наурызға қараған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X автокөлігін Алматының Әл-Фараби даңғылымен батыс жаққа қатты жылдамдықпен айдап бара жатқан кезде жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 жеңіл көлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы – Еламан Тілемісов, Құмар Теңеубаева мен Томирис Қыдырбек – оқиға орнында қаза тапқан.
Тергеу мәліметтері бойынша, Пак жол ережесін бірнеше рет бұзып, қала ішіндегі жолда көлікті сағатына 200 шақырымнан асатын жылдамдықпен айдаған. Апаттан кейін жүргізілген медициналық сараптама Пактың қанында 1,3 промилле алкоголь барын анықтаған.
Осы апта басында сотта жауап берген Пак "жылдамдықты 130-дан асырмағанын, жылдамдықты асыруға техникалық ақау түрткі болғанын" айтқан. Ол сонымен бірге "көлікті қатты мас күйде айдағанын" да жоққа шығарған.
Үш адамның өмірін жалмаған көлік апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылар оны қызу талқылап, оған ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал деген болжамдар айтылды және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.
Қоғам қысымы күшейген соң, ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.