Al Jazeera: Орталық Азияның 500-ден астам азаматы Израильдің Газадағы әскери қимылдарына қатысқан

Израильдің Газа секторындағы әскери қимылына мыңдаған шетел азаматы қатысты деп жазды Al Jazeera жариялаған сараптамада.

Мақала деректеріне қарағанда, Израиль әскері жағында соғысқандардың едәуір бөлігінің қос азаматтығы бар. Арасында АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Украина, Ресей және өзге ел азаматтары бар.

Ең көбі (12–13 мың адам)- АҚШ азаматтығы бар әскери қызметкерлер. Едәуір бөлігі (5-6 мың) – Франция, Ресей азаматтары. Мыңнан астам Ұлыбритания, Германия мен Украина азаматтары бар.

Басылымның мәліметінше, Газа секторындағы операция кезінде Орталық Азия елдерінің жүздеген азаматы да Израиль жағында соғысқан. 264-і – Өзбекстаннан келген. Газа секторындағы шайқастарға қатысқан шетелдіктердің 189-ы –Қазақстан азаматы. Онда сонымен бірге 52 қырғыз, 31 түркімен, 8 тәжік азаматы бар. Басылымның жазуынша, оларда Израиль азаматтығы да болған.

Бұған қоса, мақала авторының атап өтуінше, шетелдіктердің бір бөлігі – Израиль әскерінде тұрақты қызмет етеді, ал қалғаны елге қақтығыс ушыққаннан кейін келген.

Материал авторлары шетел азаматтарының халықаралық гуманитарлық құқықты бұзғаны анықталса, олардың қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін де атап өткен.

Орталық Азия елдерінің билігі өз азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысқандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін талап ескерткен. Бұған дейін аталған елдерде Украинадағы соғысқа қатысқандардың сотталғаны жөнінде ақпарат көп шыққан.