Әлиев Германия мен Ресейдің өкілдері Бакуде кездескенін растады

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев бұған дейін The Times газеті германиялық бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер Украинадағы соғысты талқылау үшін жақында Бакуде ресейлік өкілдермен бейресми жағдайда кездескен деп жазған ақпаратты растады.

Әлиев мұны 21 шілде күні Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездескеннен кейін екеуі бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді деп жазды Bloomberg агенттігі мен әзербайжандық басылымдар.

"Мен егжей-тегжейін айтып бере алмаймын, өйткені ол кездесуге біз қатысқан жоқпыз. Дегенмен, рейстер жайлы деректері Бакуде жасырын кездесу шынымен өткен деп айтуыма мүмкіндік береді", – деп мәлімдеген Әлиев.

Ол Әзербайжан аумағында кездесу өтетіні жайлы ресми Бакуді ешкім хабардар етпегенін айтқан.

"Егер бұл кездесу Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға септесетін болса, біз ондайды тек құп көреміз", – деген Әзербайжан президенті.

Мерц ондай кездесу болғанынан мүлде хабарсыз екенін, Германия үкіметінің оған еш қатысы жоғын мәлімдеді.

Бұған дейін The Times Бакудегі кездесуге Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркельдің әкімшілігін басқарған Рональд Пофалла мен Бранденбург аймағының бұрынғы басшысы Маттиас Платцек, ал Ресей жағынан президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің жетекшісі Валерий Фадеев пен бұрын Ресей үкіметін басқарған, ал қазір "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Виктор Зубков қатысқан деп жазған.

Илхам Әлиевтің сөзінше, кездесу 12-14 шілде аралығында өткен. Онда, БАҚ жазуына қарағанда, Украинадағы соғысты тоқтатудың мүмкін жолдары талқыланған. Оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз. Кездесуге қатысқан деп аталған адамдар да, Ресей билігі де ол туралы ешқандай пікір білдірмеді.

Әзербайжан президентінің Германияға сапары кезінде қол қойылған бірқатар құжаттар арасында "екіжақты серіктестіктің стратегиялық күн тәртібі туралы" декларациясы да бар.