Алматы әкімдігі бірнеше ауданның тұрғындарына қарсылық митингін өткізуге рұқсат бермеді

Алматы қаласы әкімдігі

Алматы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы қаладағы Көктөбе ықшам ауданы мен жұрт арасында "Татарка" және "Компот" аталып кеткен бөліктерінің тұрғындарына бейбіт митинг өткізуге рұқсат етпеді. Vlast.kz басылымының жазуынша, тұрғындар негізінен жеке үйлер орналасқан аталған аумақтарда көпқабатты ғимараттар мен бизнес орталықтарын салу жобасына қарсылық акциясын өткізбек болған.

Тұрғындар 29 тамызда Амангелді Иманов атындағы скверде митинг өткізетіні туралы жергілікті билікке 17 тамызда хат тапсырған. Ішкі саясат басқармасынынан 19 тамызда келген жауапта "29 тамызда Амангелді Иманов скверінде, Махатма Ганди саябағында және "Сарыарқа" кинотеатры артындағы алаңда құрылыс жұмыстары жоспарланып отырғаны" айтылған.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар сотқа дейінгі шағым түсіріп, онда әкімдік заң бойынша митинг өткізетін балама орын ұсынуға немесе басқа уақыт белгілеуге тиіс болатын деген уәж айтқан. Олар бейбіт митингті 5 қыркүйекте өткізетінін айтып, атқарушы билік орындарына тағы бір хат табыс еткен.