Алматы облысында полиция "Путинді қорлағандарды" іздеп жатыр

Ұзынағаштағы даулы ескерткіш. Суретте баспагер әрі блогер Бақытжан Бұқарбай ескерткішті көрсетіп тұр. Тамыз 2022

Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында орналасқан ескерткіш белгісінің бүліну дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттыққа Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, ескерткіштің бүліну фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта кінәлі адамдарды анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары қолға алынған» деп жазылған полиция жауабында.

Ескерткіштің бүлінгені туралы алғаш болып ресейлік «Туранарь» телеграм-арна жазған. Жазба авторлары «вандализм жасағандарды» «деколонизатор белсенділер» деп атаған. Телеграм-арна авторлары оларды «тарихи білім деңгейі төмен» деп атап, Қазақстандағы тарих оқулықтары «орыстар қазақтарды отарлады» деген көзқарасты қалыптастырады» деп пікір келтірген.

Аталған ескерткіш осымен екінші рет бүлініп отыр. Жергілікті ақпарат құралдары 2023 жылы көктемде де дәл осы суреттегідей жазу пайда болғанын жазған.

"Бұл жолғысының алдыңғы фактіге қатысы жоқ. Алдыңғысынан кейін бәрін реттеп, жасап қойған еді. Мынау бөлек жағдай" деді 4 наурызда полиция өкілдері.

2022 жылы қазақстандық баспагер әрі блогер Бақытжан Бұқарбай бұл ескерткішті «Ресейлік оккупация символы» деп атап, оны алып тастауға үндеген. Бейнежазбада ол «Осы тектес стелаларды орыс империясы басып алған жеріне қоятын болған. Тақтайшаны орнатқандар импершіл көзқарастағы адамдар деуге болады. Өйткені жазу 1917 жылға дейін қолданылған орыс әліпбиімен жазылған» деген. Ресми билік бұл үндеуге жария жауап бермеген.

Ұзынағаш ауылындағы ескерткіштің ресми атауы — «Қоқандықтармен болған Ұзынағаш шайқасын еске алу құрметіне» қойылған стела. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында, мұсылман зираты аумағында орналасқан. Тарихи деректерге сәйкес, Ұзынағаш шайқасы 1860 жылы қазанда өткен. Бұл қақтығыста генерал Герасим Колпаковский басқарған Ресей империясының әскері Қоқан хандығының жасақтарын жеңгені айтылады. Кей деректерде шайқасқа қазақ жасақтарының екі тараптан да қатысқаны көрсетіледі.

Ескерткіш бірнеше рет бүлінген. 2007 жылы Қазақстандағы Ресей, казак және славян ұйымдарының үйлестіру кеңесінің бастамасымен стела қалпына келтірілген.