Алматы облысында жеке үйде газ жарылып, 4 адам зардап шекті

Газдан жарылған үй. Алматы облысы, Іле ауданы, Екпінді ауылы. Суретті үйдің иесі Самат Жайылханов Азаттыққа жіберді.

17 сәуірде таңертеңгі сағат 5 жарым шамасында Алматы облысы Іле ауданы Екпінді ауылында тұрғын үйде газ жарылды. Үй иелерінің айтуынша, оған ғимарат астынан газдың шығуы түрткі болуы мүмкін.

“Үйдің ішінде әйелім, үш балам болған. Екі балам ұйықтап жатты. Ұлымды колледжге апарамын деп таңертең бес жарымда тұрып, ұлымды оятып, дәретханаға кеткенмін. Ұлым тұрып, светті жаққан. Сол кезде жарылыс болды. Дәретханаға кірген кезде көз алдымда жарылыс болды. Дәретханадан жүгіріп шығып, үйдің астында қалған әйелім мен балаларымды шығардым. Көршілер келіп көмектесті. Екеуі палатаға шығарылды, екеуін басқа ауруханаға апара жатырмын емдету үшін” деді үйдің иесі Самат Жайылханов 18 сәуірде күндіз Азаттыққа.

Оның сөзінше, үйдің газ плитасында ешқандай ақау болмаған. Сол маңдағы жер астындағы құбыр шірік болған, сонан шыққан газ жарылған. Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде жердің астынан газ шыққаны көрінеді. Дегенмен әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

“Газ мамандары мұны мойындамай отыр” деді үй иесі.

Көршілері жарылыстың өте қуатты болғаны соншалықты үй бір мезетте жермен жексен болғанын айтады. Алты бөлмелі үйден ештеңе қалмады дейді олар.

“Қазір әкімдік өкілдері мен өзге де қызмет адамдары келіп жатыр. Газ үйге кіріп, толтырып, жарылған” деді көршілердің бірі.

Азаттық сенбі күні облыстық төтенше жағдай департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Әзірге жергілікті әкімдік те реакция білдірмеді.

“Отбасында төрт бала бар. Бірі студент, оқып жүрген. Үш бала анасымен қазір ауруханада. Отбасы бір мезетте баспанасыз қалып отыр. Жағдай ауыр” деді көршілерінің бірі.