"Президентті қорлады" деген шағым түскен журналисті Алматы полициясына шақыртқан

Журналист Тимур Нүсімбеков (оң жақта) пен адвокат Жанар Балғабаева полиция мекемесінің алдында тұр. 21 сәуір, 2025 жыл.

Алматылық журналист Тимур Нүсімбеков өзінің үстінен "Қазақстан президентін қорлады" деп арызданған Талғар қаласы тұрғынының шағымына байланысты 21 сәуір күні Медеу аудандық полиция бөлімшесінде болып шыққанын айтты. Журналистің сөзінше, 19 сәуір, сенбі күні таңертең оған полициядан хабарласып, арызбен танысу үшін полиция бөлімшесіне шақыртқан. Нүсімбеков полицияға дүйсенбі күні адвокатымен бірге баратынын айтып, полиция қызметкері оған келіскен. 21 сәуірде полиция Нүсімбеков полиция бөлімшесіне барған.

"Полиция бөлімшесінде мені және Жанарды Талғар тұрғыны Эльмираның шағымымен таныстырды. Эльмира К. мені TikTok желісінде "Sanscrete" деген лақап атпен тіркеліп, бірнеше мәрте жария түрде Қазақстан президентін қорлайтын бейәдеп сөздер айтты" деп кінәлап, жауапқа тартуды сұраған. Эльмира шағымына әлгі аккаунт иесінің балағат сөздері жазылған видеосын және 2024 жылғы 24 ақпанда Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткішінің қасында түскен менің фотомды қоса тіркеген. Бұған қоса, суретші Қуаныш Құбы Базарғалиевтің "ҚошқарМүйізім" сериясы бойынша салған суреті басылған жейдедегі менің портретімде де қоса тіркеген", – деді Нүсімбеков.

Полиция өкілдері Тимур Нүсімбековтен түсініктеме алған. Журналист TikTok әлеуметтік желісінде мүлде аккаунты болмағанын, желіде барлық постыларын өз аты-жөнімен, ашық түрде жариялайтынын, ешқашан лақап есім қолданбағанын айтты.

Нүсімбеков өзінің үстінен арыз жазған адамды әлеуметтік желі арқылы тауып алғанын хабарлады. Журналистің сөзінше, Эльмира К. өз парақшасында жариялаған видеолар мен жазбаларда оны (Нүсімбековті - ред.) TikTok-та әртүрлі лақап атпен эфирге шығып жүр деп айыптаған.

"Бұл адам өз жазбаларында басқа да тәуелсіз журналистер мен сарапшыларға шабуыл жасап, Z-нарративтерді белсенді түрде насихаттайды: Ашаршылықты жоққа шығарады, "арнайы әскери операцияны" ақтайды, "америкалық биолабораториялар" жайлы қастандық теориясын таратады", – деді журналист.

Тимур Нүсімбеков – журналист, Adamdar/CA платформасының бас редакторы. Ол бұған дейін бірнеше рет Украинаға барып, еріктілер штабында жұмыс істеген, соғыс уақытында фотожурналистер қалай еңбек ететінін көзімен көріп, украин халқының басқыншыларға қалай төтеп бергенін зерттеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тимур Нүсімбеков: Өзім көргендердің бәрі Украина жеңетініне кәміл сенеді