Алматы соты бір жылға жуық уақыттан бері абақтыда отырған Мовлаевты қамауда ұстау мерзімін тағы созды

Мансур Мовлаев

Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты былтыр мамырда Ресей билігінің өтініші бойынша Қазақстанда ұсталған шешен белсендісі Мансур Мовлаевтың экстрадициялық қамауға алу мерзімін тағы ұзартты. Бұл туралы Азаттық Азияға оның адвокаты Рене Керімова хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, 8 мамырда тергеу сотының судьясы Бейсекенов Мовлаевты қамауда ұстау мерзімін екі айға, 13 шілдеге дейін ұзартқан. Мовлаевты 12 айға экстрадициялық қамауға алу мерзімі биыл мамыр айының ортасында аяқталуы тиіс еді.

Адвокат тыңдау басталардан 20 минут бұрын хабарлама алғаны себепті онлайн отырысқа қосыла алмағанын, оның әріптесі, тағы бір адвокат Елена Жигаленок та тура солай қатыса алмағанын айтты.

Жигаленоктің сөзінше, адвокаттар белсендіні қамауда ұстау мерзімін ұзартуға келіспей шағым түсіргенін хабарлады.

Мансур Мовлаев - Ресей құрамындағы Шешенстанның қазіргі басшысы Рамзан Қадыровты сынаған. Ол 2022 жылы Ресейдегі түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сол жылғы тамыз айында оны Шешенстанда қауіпсіздік күштері ұрлап әкетіп, құпия түрмеде ұстаған. Мовлаев амалын тауып қашып шығып, еш құжатсыз Қырғызстанға жеткен. 2023 жылы Бішкек соты оған шекарадан заңсыз өткені үшін алты айға бостандығынан айыру және жазасын өтегеннен кейін елден депортациялау туралы үкім кескен.

Қырғызстандағы колониядан босап шыққаннан кейін Мовлаев Қазақстанға қашып келген. 2025 жылдың мамыр айында ол Ресей құқық қорғау органдарының өтініші бойынша Алматыда ұсталып, алдымен 40 күнге қамалған, кейін қамауда ұстау мерзімі ұзартылған.

Биыл қаңтарда Қазақстанның Бас прокуратурасы Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау туралы өтінішті қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Алайда, 23 ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мовлаевтың шағымын тіркеп, оны қарағанға дейін Қазақстанға белсендіні Ресейге экстрадицияламай тұра тұруға кеңес берді. 24 ақпанда Қазақстанның Жоғарғы соты оның пана сұраған өтінішін қабылдамау туралы шешімге қарсы берген арызы бойынша тыңдау өткенге дейін Мовлаевты экстрадициялауды тоқтатты.

Осыдан кейін Ақмола облыстық соты Мовлаевтың өзіне пана беруден бас тартқан Қазақстанның шешіміне келіспейтіні жайлы шағымын қабылдамады. Рена Керімованың айтуынша, сол күнге дейін соттар барлық талап арыздар мен апелляцияларды қанағаттандырмай тастаған.

Қазір адвокаттар кейінгі екі апелляция – оны қамауда ұстау мерзімін ұзарту және босқын мәртебесінен беруден бас тарту жайлы шешімдерге қарсы түсірген шағым бойынша тыңдау болатын күнді күтіп отыр.

Мовлаев бұған дейін Ресейге қайтарылған жағдайда қудалау мен азаптауға ұшырайтынын айтып, Қазақстан билігінен пана сұраған еді.

Қазақстан жағы Мовлаевты экстрадициялап жіберуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген адам құқығын қорғаушылар Астананы адам құқықтары бойынша алған халықаралық міндеттемелерін орындауға, соның ішінде экстрадицияламау принципін сақтауға үндеді.

Заңгерлер мен адам құқығын қорғаушы топтар БҰҰ-ның тиісті халықаралық органдарына, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі комитетке шағымданып, экстрадицияны тоқтата тұруды және Мовлаевтың пана сұрау рәсімдеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуді талап етті. Олар сондай-ақ Қазақстанды адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.