Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын Ауғанстан азаматының босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қайта қабылдауға міндеттеді. Бұған дейін Қазақстан билігі оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Бұл туралы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлады.
Сот шешімі 20 қазанда шықты. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, алғашқы өтініш орындалмағаннан кейін әйелдің өміріне қауіп төндіретін жаңа жағдай туындаған. Ол Ауғанстанға оралған жағдайда өміріне қатер төнуі мүмкін.
Ауғанстан азаматы босқын мәртебесін алу үшін қайта өтініш беруге тырысқан. Алайда Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұрынғы сот шешімдері мен процестік шектеулерді алға тартып, өтінішті қабылдаудан бас тартқан.
Осыдан кейін Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының заңгері Юлия Плотнерчук сотқа талап-арыз түсірген. Ол сотқа бұрынғы шешімдерді даулап отырмағанын, мәселе алғашқы өтініш қаралған кезде болмаған жаңа қауіп-қатер жөнінде болып отырғанын айтқан.
«Ақыры сот шағым берушінің уәжін толық қолдады. Әйел мен оның кәмелетке толмаған балаларының өмірі мен қауіпсіздігіне төнген нақты қатерді және гуманитарлық жағдайды ескерді» деп хабарлады бюро өкілдері.
Сот басқарманы өтінішті қайта қабылдап, әкімшілік рәсімді бастауды міндеттеді. Алайда бұл шешім Ауғанстан азаматына босқын мәртебесі беріледі дегенді білдірмейді.
Құқық қорғау ұйымы бұл істі Қазақстан сот тәжірибесіндегі ерекше жағдай деп атады. Ұйымның мәліметінше, бұған дейін жаңа жайттардың пайда болуына байланысты босқын мәртебесін алу туралы өтінішті қайта тіркеуді талап еткен осындай талап-арыз сотта қаралмаған.
Бюро өкілдері сонымен бірге 2024 жылы «Талибан» қозғалысы Қазақстанның террористік ұйымдар тізімінен шығарылғаннан кейін де Ауғанстан азаматтарына елде босқын мәртебесі берілмей жатқанын айтты.