Алматының тергеу соты Орыс православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері және Украинадағы соғысты айыптап жүрген Иаков Воронцовты екі айға қамады. Бұл жөнінде адвокат Ғалым Нұрпейісов “Власть” басылымына хабарлады.
Сот адвокаттың бұлтартпас жаза ретінде үйқамақты қолдану туралы өтінішін кері қайтарған. Нұрпейісов шешімді апелляцияға беретінін айтты.
13 ақпанда Воронцов "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" бабы бойынша 10 күнге қамалған еді. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді деп жазады Vlast.
Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында.
Воронцов 23 ақпанда 10 күндік қамаудан босап шығуы керек еді, алайда сол күні таңертең Иаков Воронцовты қарсы алуға барған жақтастары оны тергеушіге жауап беруге әкеткенін естіген.
Воронцов бұған дейін саяси сипаттағы жария мәлімдемелерінен кейін діни дәрежесінен айырылған. 2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.
Иаков Воронцов – қазақстандық дін қызметшісі, ол қызметін қазақ тілінде жүргізіп танылған. Украинада соғыс басталғаннан кейін Воронцов әлеуметтік желіде соғысты ақтаған Орыс православ шіркеуінің қызметкерлерін сынға алып пост жариялаған.
Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылы маусымда аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасы үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан.
2024 жылы Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс аноним тұлғалардың арызы бойынша қозғалған және "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.