Алматы соты Халық банктің шағымы бойынша Қожамжаровтың туыстарының активтерін бұғаттады

Алматының Медеу аудандық соты бұрынғы бас прокурор және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровтың туыстарының 2,6 млрд теңге активін бұғаттады. Бұл жөнінде сот шешіміне сүйенген ҚазТАГ жазды.

Мәселе Қайрат Қожамжаровтың туыстары Дулат Қожамжаров пен Гүлнәз Қожамжароваға тиесілі деп айтылатын "Ойл снаб" компаниялар тобы, "Hill Resources" ЖШС, "Hill Invest", "AvtoTehMas Ltd" компаниялары жөнінде болып отыр.

Биыл қыркүйекте бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеген еді. Ол билік өкілетін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру баптарымен күдікке ілінген.

Forbes мәліметінше, Дулат Қожамжаров былтыр Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлердің қатарына енген. Кәсіпкерге Шымкентте өндірістік кешені бар майлау материалдарын шығаратын ірі өндіруші Hill Corporation тиесілі. Биыл наурызда Negeaqsha Дулат Қожамжаровтың заңсыз активтерді қайтару реестріне енгізілгенін жазды.

Bes.media жазынша, 2023-2024 жылғы дерекке сәйкес Hill Corporation-ның Халық банкпен екі несиелік келісімі болған. Осы келісімдер аясында компания айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 6-13% пайыздық мөлшерлемемен несие алады.

2015 жылдан бері компания «Қазақстанның даму банкі» және «Халық банкі» арқылы қаржы алып, өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау бойынша үкіметтің және ұлттық банк бағдарламаларына қатысып келеді.

60 жастағы Қайрат Қожамжаров Назарбаев тұсындағы ықпалды күштік құрылым өкілдерінің бірі болған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткен күні Қожамжаров сенат депутатына айналған. Оған дейін екі жыл бас прокурор қызметін атқарды. Жемқорлыққа қарсы түрлі құрылымдарға жетекшілік етті. Президенттің кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Ақмола облысын басқарған.

2023 жылдан бері мемлекеттік қызметте емес. Кейінгі кезде оның айналасындағы бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қазір жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев қамалған. Шілдеде арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.