Алматы түбінде жануарларды ұстайтын орын иесін өлтіріп кеткен. Полиция тергеу жүріп жатқанын хабарлады

Алматы облысында бұралқы иттерді ұстайтын "Твардовский дом" негізін қалаушы Владимир Тепляковтың өлімі тергеліп жатыр. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Қатысты тұлғаларды ұстауға бағытталған тиісті тергеу және жедел-іздеу шаралары жүріп жатыр. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр" деп жазылған облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Тепляковтың қазасы туралы жазбалар әлеуметтік желіде 8 қазанда пайда болды. Қолданушылар оның қазасына орай көңіл айтып жатыр.

Ізінше желіде оны өлтіріп кеткені жөнінде ақпарат шықты.

Владимир Тепляков он жылдан астам уақыт бойы "Твардовский дом" орнын азық-түлік және өзге де заттармен қамтамасыз еткен. Қазір ондағы иттер мен мысықтардың күтімсіз қалғаны хабарланды. Қыс жақындаған тұста "Твардовский дом" үйін сақтап қалу үшін қаражат та жинастырылып жатыр.

"Власть" басылымының жазуынша, жануар құқығын қорғаушы Арсен Қабденов қайғылы оқиға болмай тұрып бірнеше күн бұрын Владимир Тепляковпен ит пен мысықтарға жаңа отбасын іздеуге келіскен, алайда бұл жоспар жүзеге аспай қалды.