Алматыда 5 адам қаза болған жерүйдегі өртке байланысты іс бойынша полиция үйге өрт қойды деген күдікпен 37 жастағы әйелді ұстады. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйене отырып хабарлады.
«Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, күдіктінің ықтимал қозғалыс бағытын анықтап, оқиғаның мән-жайын қалпына келтірді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 37 жастағы әйел ұсталды» деп жазылған полиция хабарламасында.
Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, үй жеке бас араздығы салдарынан қасақана өртелген.
Ұсталған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өрт Алматының Бостандық ауданындағы жер үйде 26 қарашаға қараған түні болған. Дәліз үлгісінде салынған, сегіз бөлмесі жалға берілетін үйден шыққан өрт бес адамның өмірін қиды. Қаза болғандардың арасында бір бала да бар. Екі адам Өзбекстан азаматы болған. Куәгерлердің айтуынша, Өзбекстан азаматтары бұл үйге қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана көшіп келген.
Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу органдары өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.