Алматыда полиция әлеуметтік желілерде миллиондаған оқырманы бар танымал блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханды 30 наурызда уақытша ұстау изоляторына қамаған.
Алматы полиция департаментінің баспасөзге арналған хабарламасында Молдахан "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікпен ұсталғаны ғана айтылған. Полиция одан басқа ақпарат бермеді.
Өткен аптаның аяғында Әділетхан Молдахан әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның ажалына себеп болған жол-көлік оқиғасын баяндап, пікірін жариялаған.
Ол түнгі қалада автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. 7 миллион рет көрілген бір видеода бірнеше полиция қызметкеріне қарсы айыптаулар айтылды.
Полиция мәліметінше, 21 наурызда түнгі сағат 3:30 шамасында Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында Zeekr электр көлігі жолдың қарсы бөлігіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы тіл тартпай кеткен. Жарақат алған Zeekr жүргізушісі ауруханаға түсті. Сот оны қылмысқа күдікті ретінде қамауға алу туралы шешім шығарды.
Әлеуметтік желілердегі наразылықтан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі ішкі тергеу жүргізіп, Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірінің жүргізушісінің үстінен әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғады. Ішкі істер министрі Алматы полиция департаменті бастығының орынбасарын және әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік департаменттері басшыларын қызметінен босатты.