Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық соты басталды

Блогер Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық сотына жиналған халық сотты монитордан қадағалады. Алматы қалалық соты, 27 қаңтар 2026 жыл.

27 қаңтарда Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық соты басталды. Істі апелляция алқасы қарап жатыр.

Сот залына Мирболат Мырзатайұлының өзі әкелінбеді. Сот алқасы оны сотқа қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Айтуларынша, апелляциялық шағымды қорғаушылар жағы түсірген.

Бұған дейін қорғау жағы апелляциялық қаулы шықпай жатып, Мырзатайұлы Тараздағы абақтыға ауыстырылғанын хабарлаған еді. Ресми органдар бұл ақпаратқа реакция білдірмеген.

Сейсенбі күні сот алқасы, прокурор мен Бишуиновтың қорғаушысы әрі әйелі Гүлшат Бишуинова бір залда отырды. Адвокаттар сотқа онлайн қосылды. Ал блогердің жақтастарына арнайы екі зал бөлінді. Екі зал да лық толды. Мирболатты қолдауға тіл жанашырлары азаматтық белсенділер келді.



Былтыр қарашада бірінші инстанциядағы сот Мирболат Мырзатайұлын “Алауыздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған.

Айыптау актісінде блогердің 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, "мекеме басшысымен жанжал барысында" "ұлт араздығын қасақана қоздыруға кіріскені" жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған.

Сарапшының пайымдауынша, блогер қазақ тілін білмейтін басшыларды жұмыстан шығаруға бойкот жасауға үндеген. Бұны алауыздық қоздыру әрекеті деп тапқан. Блогердің істі болуына Instagram парақшасында шыққан видеосы ілік болған. Видеода блогер тұрғын үй кооперативінің басшысы Олеся Хасановамен сөзге келген. Онда блогер «мемлекеттік тілді білмейсіз» деп сөгіп, осындай азаматтарға бойкот жариялау керек деген.

Блогер өзіне тағылған айыптарға келіспей, апелляциялық шағым беретінін айтқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Мирболат Мырзатайұлын босатуға шақырған.