Алматыда Hilton франшизасымен жұмыс істеген компания қонақүй ғимаратын мемлекетке өткізуге келісті

Double Tree By Hilton қонақүйі. Алматы, 3 маусым 2026 жыл

Алматыдағы "АБЛИ Құрылыс" компаниясының басшылығы бес жұлдызды Double Tree By Hilton қонақүйін мемлекетке өткізіп беруге келісті. Олар мейманхана 2023 жылдан бері заң жүзінде Қазақстан үкіметіне тиесілі екенін мойындайды. Бірақ өздері мүліктен бір кезде “алаяқтық, рейдерлік жолмен” айырылып қалғанын айтып отыр. Енді сотқа жүгініп мүлікті қайтарып алғысы келеді.

3 маусымда сот орындаушы мен Алматының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері Double Tree By Hilton қонақүйіне барып, онда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге ғимаратты босату туралы талап қойды. Олар бұл мүлік Алматының экономикалық сотының шешімі бойынша, 2023 жылы үкімет иелігіне өткенін ескертті.

– Ғимарат мемлекет меншігіне өткізілген. Сот шешімі бар, шешім орындалуға тиіс. Сот орындаушысы атқару парағына сүйеніп, мәжбүрлеп шығару шарасын қабылдай алады. Ал біз оны балансымызға тіркейміз, – деді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Айнабеков.

Қонақүйді пайдаланып отырған "АБЛИ Құрылыс" компаниясының өкілдері әуелде ескерту айтып келгендерге қарсы болған, кейін талапты орындауға келісіп, заттарын әкетуге 9 маусымға дейін мұрсат алды.

Кәсіпорынның заңгері қонақүйді Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды "айла-шарғымен өз құнынан анағұрлым арзанға алып, мемлекетке өз мүлкі ретінде беріп жіберді" дейді.

– Банк қызметкерлері күрделі алаяқтық схема жүргізіп, соның салдарынан Шолпан Қаранеева ханым қонақүйінен айырылып қалды. Тіпті банкке тағы қарыз болып шықты. Қазір бұл істің түбіне жету үшін күресіп жатырмыз. Ақыр соңында әділет салтанат құрады деп сенеміз, – деді "АБЛИ Құрылыс" ЖШС заңгері Асқар Өтешов.

Бүгінге дейін ұласып келе жатқан дау осыдан жеті жыл бұрын, қонақүй салынып жатқанда басталған. Бұрынғы қожайыны әлі салынып бітпеген ғимаратты кепілге қойып, "Капиталбанктен" 4,2 миллиард теңге несие алған. Пандемия тұсында мемлекет шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдік жасап, кредит төлемін шегеру туралы бұйрық шығарған. Соған қарамастан банк барлық қарызды бірден қайтаруды талап етті, дейді компания заңгерлері.

Кейін коллекторлық компания арқылы мүлік бағасы анағұрлым арзанға сатылып кеткен. Қонақ үй иесі сотқа жүгінгенімен, мүлікті қайтарып ала алмаған.

Заңгерлер Double Tree By Hilton-ды сатып алған компанияның Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар дейді. Ал депутат Мақсат Толықбайдың мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Сатыбалды түрмеде отырғанда мүлікті өз атына шығарып алып, мемлекетке өткізген. Бұрынғы президенттің немере інісі бостандыққа шығарда өзінен жапа шеккен адамдардан кешірім сұрағанымен, нақ осы қонақүй дауына қатысты әлі күнге дейін ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Сатыбалды я оның өкілдерінен даулы нысанға қатысты пікір алу мүмкін болмады.

Хилтонның франшизасы "АБЛИ Құрылысқа" тиесілі болғандықтан, жұмысты бүгінге дейін Шолпан Қаранеева жүргізіп келді. "АБЛИ Құрылыс" адвокаттары Алматының экономикалық сотына шағым түсіріп, мүлікті заң жолымен даулап көрмек.