Алматыдағы аудандардың бірінде 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығуы кезінде қаза болған 14 сарбазды еске алған граффити пайда болды.
Граффитиде теңіз бен батып бара жатқан күн және 14 құс бейнеленген.
"24.09 Ұмытылмас. Ақтау" деген жазу бар.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үшеуі құтқарылды.
25 қыркүйек елде қаралы күн болды.
Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды.