26 мамыр күні таңертең Алматыдағы оқушылар сарайында Көкжайлау тау шатқалына шаңғы курортын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау басталды. Жиын өтіп жатқан залдағы орындар адамға толды.
Қоғамдық тыңдаудың төрағасы Серік Әділбаев тіркелген адамдар ғана сұрақ қойып, пікір айта алатынын, әр адамға 2 минут берілетінін хабарлады. Экобелсенділер мұндай регламентке қарсы болды, бірақ олардың пікірі ескерілген жоқ.
Жобаға жауапты Kazakh Tourism Development өкілдері қазіргі уақытта тау курортына тым ауыр салмақ түсіп отырғанын айтты. Ресми мәлімет бойынша, жылына Қазақстанның курорттарына 5 млн турист келеді, соның 3 млн-ы – тау курорттарының үлесіне тиеді.
Бүгін тау кластеріне байланысты осы сияқты 4 қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарланған. Олардың барлығына бірдей қатысу мүмкін емес, себебі кейбірі қала аумағынан тыс жерде өтеді. Қоғамдық маңызы зор мәселе бойынша бірнеше тыңдау неге бір күнге қойылды деген Азаттық тілшісінің сұрағына қоғамдық тыңдаудың төрағасы Серік Әділбаев нақты жауап бермеді.
Көкжайлау шатқалына шаңғы курорт салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатқан Алматыдағы Оқушылар сарайы алдында медициналық жедел жәрдем және өртке қарсы күрес қызметінің арнауыл көліктері тұр.