Өткен аптада Алматы облысында өртенген сүйегі табылған 37 жастағы полиция офицерінің қазасына байланысты күдікке ілінген оның балалары сот шешімімен үйқамаққа алынды. Мұны олардың адвокаты Гауһар Сарыева жексенбі күні Intagram-парақшасына жазды.
Балаларға жүріс-тұрысын бақылайтын электрон білезік тағылып, үйге бейнебақылау камералары орнатылады. Олардың құқығын қорғайтын адвокаттар Гауһар Сарыева мен Динара Шәмшекова сот назарын балалар ұзақ уақыт бойы отбасында жүйелі зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріп өмір сүрген болуы мүмкін екеніне аударған.
Балалар оқиғаның куәгері ғана емес, өздері де зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы ықтимал, бұл болжам болған оқиғаны ақтау үшін емес, бала тағдырына қатысты ықтимал мән-жайларды назардан тыс қалдырмау үшін айтылды, дейді адвокаттар.
23 маусым күні Алматы облысы Кеген ауданында таулы аймақтан өртелген мәйіт табылған. Бұл адам полиция қызметкері екені және ажалы кісі қолынан болғаны анықталды. Полиция бұл оқиға бойынша күдікті ретінде ұсталғандар арасында марқұмның әйелі мен баласы да бар екенін, олар уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Ақпарат құралдарында қаза болған ер адамды сол маңда мал іздеп жүрген жергілікті шопан тауып алған, марқұмның қолынан күйген арқанның қалдығы да табылған деп жазды.