Алматыда ҚазТАГ басшыларының соты басталады

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов. Фото Қасеновтің Facebook парақшасынан алынды.

11 маусымда Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновтың ісі бойынша сот басталады. Олар “жалған ақпарат тарату” бабы бойынша күдікке ілінген. Адвокаттың айтуынша, сот қаулысында істің ашық өтетіні жазылған.

“Сот отырысын тағайындау туралы сот актісінде оның ашық өтетіні жазылған. Журналистер қатыса алуы керек” деді адвокат Юлия Малюкова Азаттыққа.

Үйқамақта отырған Әмір Қасенов маусымның басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жасап, ашық сот талап еткен. Ол процесс жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын да айтқан еді.

Журналистің жақындары адвокатпен келісілмеген видеомәлімдеменің салдарынан оның бұлтартпас шарасы қатайтылуы мүмкін деп қауіптенген еді. Бұған дейін адвокаты ҚазТАГ-қа Әмір Қасеновтің әділ тергеуге сенімі жоғалғанын айтқан еді.

2025 жылы желтоқсанда басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Биыл адвокат Рена Керимова Матаевқа қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанын айтқан еді. 10 маусымда адвокат Азаттық тілшісіне Матаевқа қарсы іс тоқтатылмағанын айтты.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.