Алматыда қоқыс өртеу зауытына қатысты қоғамдық тыңдау өтеді

Қоқыс өртеу зауытының жобасы. Алматы әкімдігі таратқан сурет.

Алматыда қоқыс өртеу зауытының қоршаған ортаға ықтимал әсеріне қатысты қоғамдық тыңдау 27 қарашада өтеді. Бұл жөнінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкінде жарияланды.

Қоғамдық тыңдау Алатау ауданындағы Индустриалды аймақ, 142/29 мекенжайында өтеді. Оған Zoom арқылы да қатысуға болады. Сілтемесін сол хабарламадан табуға болады. Оған қатысты ескертулер тыңдауға үш күн қалғанға дейін қабылданады. Хабарламаға жобаға қатысты бірқатар құжаттар тіркелген.

Зауытта қатты тұрмыстық қалдықтың жекелеген түрлері өртелмек. Зауыттың қуаты күніне 2 мың тонна қоқыс, күніне 60 МВт электр энергиясы өндірілмек.

"Власть" басылымының жазуынша, экология және қоршаған орта басқармасы зауытты ТЭЦ-2 аумағында салу қарастырылып отырғанын хабарлаған. Жобаның инвесторы қытайлық Junxin Environmental Protection компаниясы. Жалпы инвестиция құны 130 млрд теңге.

Жоба авторларының айтуынша, зауыт "полигондарға түсетін салмақты азайтып, қоқыс көлемін қысқартуға, қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді".

Қоғамда бұл жобаға қарсылар да бар. Қарсы азаматтардың пікірінше, қоқыс жағатын зауыт ауаны ластап, улы заттардың таралуына себеп болуы мүмкін. Олар түтінді тазарту жүйесінің қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне күмән келтіреді, сонымен бірге зауыт іске қосылса, қоқыс шығару тарифі кемінде екі есе өсуі мүмкін деп қауіптенеді. Экологтар қоқысты жағудан бұрын оны сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамыту қажет екенін айтады.

Ал жобаны қолдайтын сарапшылардың пікірінше, заманауи технология, түтін газдарын тазарту және қатаң экологиялық бақылау сақталса, қалдықтарды энергияға айналдыру полигондардағы бақылаусыз өрттерден қауіпсіз әрі тиімді болуы мүмкін. Дегенмен, олар да қайта өңдеуге жарамды шикізаттың жағылмауын, жобаның ашық әрі заң талаптарына сай жүзеге асуын маңызды санайды.

Былтыр 2025 жылы 29 тамызда Қазақстан экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Junxin environmental protection компаниясы арасында Алматы қаласында электр қуатын өндіретін қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойылды.