Алматыда резонансты жол апатына байланысты алдын ала сот тыңдауы басталды

Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

28 мамырда Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды. Besmedia сайтының жазуынша, сотталушы Александр Пак сот алқасынан бас тартқан. Оның адвокаты сотталушының бетін түсіруге тыйым салуды да сұраған.

Айыптау тарабының айтуынша, биыл 21 наурызда 1993 жылғы Александр Пак мас күйінде жалған нөмірі бар Zeekr көлігімен жылдам жүрген. Қарсы тарапқа шығып кетіп, Mercedes көлігіне соқтығысқан. Жол апатының салдарынан Mercedes жүргізушісі Еламан мен жолаушылар Томирис пен Құмар оқиға орнында қаза болған. Пактың өзі жараланып, ауруханаға түскен.

Сараптамаға қарағанда, Zeekr көлігінің қарсы тарапқа шыққаннан кейінгі жылдамдығы сағатына 219 шақырым болуы мүмкін.

Сайттың жазуынша, бүгін қорғау жағы сотқа үш өтініш берген: Александр Пактың аяғындағы жарақатқа байланысты оған сотқа онлайн қатысуға рұқсат беруді сұраған. Бұған қоса, қылмыстық іспен танысуға қосымша уақыт беруді өтінген. Одан бөлек, журналистерге фото, видео түсіруге тыйым салуды сұраған. Адвокат журналистерге өзінің және сотталушының бетін түсірмеуді сұраған.

Жәбірленуші жақ бірінші және екінші өтінішке қарсы болмады. Алайда істің қоғамда резонанс тудырғанын және оны ашық көрсету қажеттігін айтып, түсірілімге тыйым салмау керектігін жеткізген. Тек өздерінің бет-жүзін көрсетпеуді өтінді.

Прокурор сотқа онлайн қатысу және сотқа дайындалу үшін қосымша уақыт беру туралы өтінішті соттың қарауына қалдырғанмен сотталушының жарыссөзге офлайн қатысуы керектігін алға тартты. Мемлекеттік айыптаушы журналистерге аудио мен текст түрінде хабар таратуына мүмкіндік беру қажеттігін де айтты.

Алдын ала тыңдау кезінде сотталушы жәбірленушілерден кешірім сұрап, істеген ісі үшін қатаң жауапкершілікке тартылуға дайын екенін жеткізген.

Бұдан кейін судья өтініштерді қарау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Наурызда болған жол апаты әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғамдық қысым күшейген соң, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.