Алматыда резонансты жол апатына байланысты сот басталады

Алматыда үш адам қаза тапқан жол апатының кадрлары. Желіде тараған видеодан скриншот

Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Алғашқы сот отырысы 28 мамырда сағат 15.00-де өтеді.

Соттың ашық өтетіні-өтпейтіні әзірге белгісіз.

21 наурызда таңға жуық қатты жылдамдықпен келген ZEEKR көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан, салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті. Тергеу мәліметінше, күдікті апат кезінде масаң күйде болған.

Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғамдық қысым күшейген соң, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.

Бұған дейін ZEEKR жүргізушісінің ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылғаны хабарланған. 12 мамырда тергеу аяқталғаны айтылған.