Алматыда Вадим Борейконың соты қайта жалғасты

Вадим Борейко

Алматының Бостандық аудандық сотында бес айға жуық уақыттан кейін журналист Вадим Борейконың соты қайта жалғасты.

Бұған дейін "Etude-Ybyrai" компаниясы журналист жариялаған материалдар "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "жалған ақпарат таратты" деп сотқа жүгінген. Борейко өзіне тағылған айыптарға нақты айғақ-дәлелдер жоғын айтқан.

"Власть" сайтының жазуынша, қорғау жағы экономикалық және филологиялық сараптаманың дұрыс жүргізілгендігіне күмәнданып, нәтижесімен келіспей отыр.

Филологиялық сараптаманың нәтижесі Борейко "өзінің материалдарында компания туралы теріс ақпарат таратты" деген тұжырым жасаған. Қорғау жағы мұнымен келіспеді.

«Филологиялық сараптамаға келсек, сарапшы талап-арызда көрсетілген талаптардың шегінен шығып кеткен... Ол Вадим Николаевичтің барлық сұрағын біріктіріп, өз бетінше қайта тұжырымдаған. Бұл ретте қай күнгі материал екені, материалдың қайда жарияланғаны, тіпті бұл сөзді кім айтқаны да мүлде нақтыланбаған» деді адвокат Жанна Оразбақова.

Қорғау жағы Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев, КТК арнасының репортажы, сонымен бірге тұрғындардың видеосы бар бес видеожазбаны біріктіруді сұрады.

"Ол жерде Базарбек те, уәкілетті органдардың өкілдері де, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма (ГАСК) өкілдері де пікір білдірген. Сондықтан осы видеоны қарастырғымыз келеді. Өйткені онда Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде "бұл жерде көпфункциялы тұрғын үй кешені салынбайтыны анық" деп айтқаны бар. Одан кейінгі бейнежазбада ГАСК өкілі құрылыс жұмыстарын жүргізуге берілген рұқсаттың кері қайтарып алынғанын айтады. Әуезов ауданының әкімімен де кездесу болған" деді Оразбақова.

"Біреудің айтқанын маған әлі таңып отыр және қателіктер хаттамадан зерттеуге қарай көшіп жатыр" деді Борейко.

Қорғау жағы шағым берушінің өзі жауапкердің "жалған ақпарат тарату фактісін" дәлелдеуі керек, бірақ әлі күнге дейін журналисті нақты не үшін айыптап отырғаны түсініксіз деді. Олар сарапшы видеожазбаны мүлде зерттемеді деді.

"Сарапшы материалдар мен келтірілген шығын арасындағы себеп-салдарлық қатынасты анықтауға қатысты үш сұрақты мүлде алып тастаған. Ол тек Etude-Ybyrai компаниясының қанша қаражат жұмсағанын факт ретінде көрсетумен шектелген. Алайда бұл шығындардың Борейконың материалдарына ешқандай себеп-салдарлық байланысы жоқ. Компания бетонға, өрт қауіпсіздігіне, техниканы жөндеуге қанша қаражат жұмсағанын көрсеткен. Бірақ мұның бәріне Борейконың әрекеттерінің қатысы жоқ қой" деді Оразбақова.

Ал судья Айдар Өтебеков құқықтық баға беруді соттың еншісіне қалдыруды сұраған.

Бұған дейін компания 71 млн теңге шығын келгенін айтқан. Экономикалық сараптамадан кейін шығын көлемі 43 млн теңге болды.

"Сараптама 43 млн теңге шығын болғанын растады. Бірақ осы шығын мен Вадим Николаевичтің әрекеті арасында себеп-салдарлық қатынас бар ма?" деді қорғау жағының адвокаты Фархад Цай.

Филолог-сарапшы сөйлеушілердің кім екенін анықтау өз құзыретіне кірмейтінін айтып, кейбір сұрақтар қайталанғандықтан әрі дұрыс тұжырымдалмағандықтан біріктіріп, түзеткенін түсіндірді. Ал экономист-сарапшылар қаржылық құжаттарды, соның ішінде шарттарды, орындалған жұмыс актілерін, жүкқұжаттар мен төлем мәліметтерін зерттегенін мәлімдеді.

Цайдың айтуынша, экономикалық сараптама 71 млн теңгенің тек 43 млн теңгесі шығын ретінде құжатпен расталғанын көрсеткен, алайда оның залал болып саналатынын сот шешеді. Сонымен бірге талапкер жағы филологиялық сараптама қорытындысымен келіспейтінін, өйткені сарапшыға ұсынылған сөз тіркестерінің орнына басқа тіркестерді қарастырғанын мәлімдеді.

Келесі сот отырысына дейін 22 қазанда шағым берушілер талаптарын анықтауы керек.

Сайттың жазуынша, 20 қазан күні сотта шағым берушінің өкілетіне қатысты сұрақ туындаған. Борейконың ақпаратынша, Etude-Ybyrai компаниясының директоры ауысқан, ал компания атынан сотқа қатысып жатқан Бақыт Қасыбаев сенімхатты жаңартпаған. Осыған байланысты ол сенімхат алу үшін сот залынан шығып кеткен.

Келесі сот отырысы 22 қазанда өтеді. "Өткір күректің" жазуынша, сот Вадим Борейконы өз сотынан ақпарат бермеуге міндеттеген.

  • Вадим Борейко Қазақстан билігі туралы сыни хабар шығаратын тәуелсіз журналист ретінде танылған. Биыл ақпанда әлдекімдер оның Facebook пен Instagram-дағы аккаунттарын бұзған. Журналистикада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Борейко 2000 жылдары "Время", Forbes.kz, Ratel.kz басылымдарында жұмыс істеп, одан кейін YouTube платформасында "Гиперборей" арнасын ашқан. Жуырда ол арнаның жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатты.
  • 2023 жылдың басында белгісіз біреулер Вадим Борейко пәтерінің есігін құрылысқа арналған көбікпен бекітіп кеткен. Ізінше онымен бірге жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп кеткен. Егоров бұл әрекеттің кәсіби қызметіне қатысы бар деп санайтынын айтқан. Сол жылы күзде Алматы соты журналистерге шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған адамдарға шартты жаза бергені хабарланған (сотталушылардың өзге де журналистерге жасалған шабуылға қатысы бар деп айтылған).