Алматыда журналист Гүлнәр Бажкенованың соты басталды

Orda.kz басылымының негізін қалаушы, журналист Гүлнәр Бажкенова. Астана, 10 шілде, 2025 жыл.

2 шілде күні Алматының №2 Бостандық аудандық сотында Orda.kz сайтының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды.

Оффлайн өтіп жатқан процесті журналистер басқа залға қойылған монитордан бақылап отыр. Монитордан сот өтіп жатқан залдың шағын екені көрінеді.

Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: "Заңсыз кәсіпкерлік" (214-бап), "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) және "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап, 4-бөлім).

Былтыр жыл аяғында Гүлнәр Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікке ілініп, үйқамаққа алынған еді. Полиция оның үйін тінтіп, қолма-қол ақша, компьютер, смартфон тәркілеген.

Қылмыстық іс қозғалғанға дейін журналист өзі басқаратын басылымды әлдекімдер "рейдерлік жолмен" тартып алайын деп жатқанын, өзін "қызметтен шеттететінін" айтып дабыл қаққан еді.

Orda.kz оқырмандары мен бақылаушылардың топшылауынша, қудалау былтыр күзде шығып, дауға айналған материалдармен байланысты болуы мүмкін. Онда Бажкенова сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді "заңға қайшы әрекет" жасады деп айыптап, оны "Астанада ұсталған" деп айтқан еді. Кейін ресми органдар мұндай ақпаратты жоққа шығарды, ізінше Нұртілеу сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Бұған дейін Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түскен. "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Журналист Гүлнар Бажкенованың соты 2 шілдеге белгілендіТоқаевтың сапары алдында құқық қорғаушылар Брюссельді Астанаға талап қоюға шақырдыХалықаралық құқық қорғау ұйымдары Тоқаевты журналистерге қысымды тоқтатуға үндедіЖурналистер "жалған ақпарат тарату" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды талап етті"Үрейлі атмосфера" vs "заң мен тәртіп". Журналистерге қарсы істер қысым құралы ма?