Алматыдағы көлік апатынан соң бірнеше полиция шенеунігі лауазымынан босатылды

Алматыдағы әл Фараби даңғылы бойында үш адамның қазасына себеп болған көлік апаты видеосынан скриншот.

Алматыдағы әл Фараби даңғылы бойындағы жолда үш адамның қазасына себеп болған көлік апаты қоғамда резонанс тудырғаннан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаментінің бірнеше лауазымды шенеунігі қызметтен алынды. Мұны Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің басшысы Шыңғыс Әлекешев хабарлады.

"Министрдің бұйрығымен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтен босатылды", - деді Әлекешев.

Бұған қоса, оның сөзінше, көлікке мемлекеттік нөмір белгісін заңсыз берген болуы мүмкін деген күдікке байланысты ішкі қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғаған. Әрекетсіздігі үшін полицияның жоғары лауазымды қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Сот апатқа ұшыраған ZEEKR автокөлігі жүргізушісін қамауға алу туралы шешім шығарған. Полиция жүргізушінің қанынан алкоголь ізі табылғанын айтты. Ол қазір ауруханадаем қабылдап жатыр, жағдайы оңалған соң оны уақытша қамау изоляторына ауыстырмақ.

Алдын ала ақпарат бойынша, 21 наурызда таңғы сағат 3.30 шамасында әл Фараби даңғылымен жылдамдығын шекті шамадан асырған Zeekr көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы сол жерде мерт болған.