Алматыда өрттен қаза болғандардың арасында Өзбекстанның екі азаматы бар

Алматыда жер үйде болған өрттен Өзбекстанның екі азаматы қаза болды. Оларға иіс тиіп, газдан уланып мерт болған. Бұл туралы Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Омонулла Файзиев Gazeta.uz басылымына хабарлады.

Оның айтуынша, Өзбекстанның Алматыдағы бас консулдығы жағдайды бақылап отыр. Қаза болғандардың сүйегін Өзбекстанға жеткізу жұмыстары жұргізіліп жатыр.

Өрт Алматының Бостандық ауданындағы жер үйде 26 қарашаға қараған түні болған. Дәліз үлгісінде салынған, сегіз бөлмесі жалға берілетін үйден шыққан өрт бес адамның өмірін қиды. Қаза болғандардың арасында бір бала да бар.

Өрттен аман қалған Анар Тұрғанбаева жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында Өзбекстан азаматтары бұл үйге қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана көшіп келгенін айтқан. Оның сөзінше, бөлмелер ортақ дәлізге жалғасқан, ал кейбір жатын бөлмелерде терезе болмаған. Өрттен екі өзбекстандық, көршісі, оның ересек қызы және кішкентай қыз мерт болған.

Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу органдары өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.