Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жергілікті азаматтық белсенді Бауыржан Әтінбаевты жеті ай бұрын митинг туралы заң талабын бұзғаны үшін 15 күнге қамаған. Оның үстінен әкімшілік кодекстің 488-бабының 1-бөлігі ("Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу") бойынша іс қозғалып, айып тағылған. Сот шешімі 15 тамызда шыққан деп хабарлады Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы.
Бұл әкімшілік іске биыл 27 қаңтарда Алматы қалалық соты маңында болған оқиға себеп болды. Сол күні апелляция соты блогер Мирболат Мырзатайұлының бірінші сатыдағы сот үкіміне келіспейтіні туралы шағымын қарап, өзгеріссіз қалдырған кезде қалалық сот ғимараты алдына қамаудағы блогерге қолдау білдіріп жиналғандардың арасында Бауыржан Әтінбаев та болған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мирболат Мырзатайұлына шыққан үкім өзгермедіСол жерде Мырзатайұлына шығарылған сот шешіміне наразылығын білдірген Әтінбаевтың үстінен арада жеті ай өткенде полиция әкімшілік іс қозғаған.
"Әлеуметтік желілерді тексеру барысында анықталғаны, яғни Б.Ж.Әтінбаев 2026 жылғы 27 қаңтарда сағат 11:00 шамасында Алматы қаласы Қазыбек би көшесі №66 мекен-жайында орналасқан Алматы қалалық сотының маңындағы қоғамдық орында басқа белсенділермен бірге бола тұра, "Мирболатқа бостандық!" деп ұрандатып және ұялы телефонынан тікелей эфир жүргізіп, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз, белгіленбеген жерде заңсыз митингке қатысқаны анықталған", – делінген сот қаулысында.
Сотта Бауыржан Әтінбаев өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін, ешқандай митингке қатыспағанын мәлімдеп, әкімшілік іс арада жеті ай өткеннен кейін қозғалып отырғанын айтқан.
Адвокат Жанар Балғабаева соттан Әтінбаевтың әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтатуды сұраған. Сот оның өтінішін орындамады.
- Блогер Мирболат Мырзатайұлы 2025 жылы сәуірде Алматыдағы бір тұрғын үй кооперативінің басшысын "мемлекеттік тілді білмейсіз" деп сөгіп, осындай азаматтарға бойкот жариялау керек деген сөзі үшін жазықты болған. Былтыр қарашада Медеу аудандық соты Мирболат Мырзатайұлын “Алауыздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бостандығынан айырған. Белсенді өзіне тағылған айыпқа да, үкімге де келіспеген.